Бас жаңалықтар
Биылғы білім. Қашықтан оқығандар, жалақы мен стипендия, оралған «Әліппе»
29 Желтоқсан 2020, 12:00 711

Биылғы білім. Қашықтан оқығандар, жалақы мен стипендия, оралған «Әліппе»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл да елімізде білім саласында айтырлықтай өзгерістер болды. «Педагог мәртебесі» заңы аясында мұғалімдердің жалақысы өсіп, артық жұмысқа жегілмейтін болды. Одан бөлек, коронавирус салдарынан оқу процесінің басым бөлігі қашықтан оқытылды. Биыл тіпті ҰБТ-ны өткізуде де ерекшелік болды.

2020 жылы білім саласында болған жаңалықтарға тоқталып, шолу жасап көрейік.

Тоқаев Жолдауы. Қолжетімді әрі сапалы білім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында білім саласына айрықша назар аударды.

Президент коронавирус салдарынан қашықтан оқытуға көшуге мәжбүр болғанымызды айтқан болатын.

Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет, - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы екенін де айтты.
Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабыл­дадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінед, - деді Тоқаев өз Жолдауында.

 Қашықтан оқыту мен кезекші топтар

Коронавирус салдарынан оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында ел Үкіметі бірқатар шара қабылдады. 2020-2021 оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды. Сонымен қатар, 1-4 сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде кезекші сыныптар құрылды. Ол кезекші сыныптарға 15-ке дейін оқушылар қабылданды.

Білім министрлігінің тамыз айының соңындағы мәліметіне сәйкес, балалардың 80% қашықтан оқыды. Бұл - 2,6 млн оқушы, 530 мың бала, яғни 15% «кезекші сыныптарға» барады, 202 мың, яғни 5% бала дәстүрлі форматта білім алды. Кейін коронавирус ахуалына қарай кезекші сыныптар саны артып, II тоқсанда 7-сыныпқа жейін кезекші топтар ашылды.

Мұғалімдердің жалақысы 25%-ға артты

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтердің еңбекақысын 4 жылда 2 есе арттыру көзделген.

2020 жылы педагогтердің жалақысы 25%-ға артты. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық көлемі тағы да 25% өседі. Сондай-ақ мектеп 10-нан астам бағыт бойынша қосымша ақы төленуде. Мысалы, магистр дәрежесі, тәлімгерлік, сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені бойынша әртүрлі көлемде қосымша ақы қарастырылған. Сонымен қатар, педагогтер ерекше білімді қажет ететін балаларға білім бергені үшін де базалық жалақыдан 40% дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады, - деді БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов ОКҚ-де.

Пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдер де базалық лауазымдық жалақыдан 200%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады.

Ал мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары Ұлттық біліктілік тестілеуінің қорытындысы бойынша басқарушылық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30%-100% дейін қосымша ақы алады. Олардың айлығы да 25 процентке артты, - деді министр.

Ал ұлттық жоғары оқу орындарында 1 қыркүйектен бастап орта есеппен жалақы көлемі 28%-ға, ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында – 20%-ға өсті. Педагогикалық шеберлігі үшін колледж педагогтері Ұлттық біліктілік тестілеуінің қорытындысы бойынша базалық лауазымдық жалақыдан 30%-50%-на дейін үстемеақы алады.

 Артық есеп талап еткендер айыппұл төлейді

Мұғалімдерді көптеген есептіліктен арылту үшін заңды негіздер пайда болды. Ол үшін арнайы бұйрыққа қол қойылды. Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізбесі белгіленді. Артық есептілікті талап еткені үшін лауазымды тұлғалар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мектеп басшысы мен оның орынбасарлары толтыратын нақты қажетті құжаттар тізімі де белгіленген, қажеті жоқ құжаттар алынып тасталды, - деді БҒМ басшысы онлайн брифингте

 Студенттер стипендиясы өсті

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студенттердің шәкірақысы артты.

-          колледж оқушыларының стипендиясы 30%-ға;

-          орта буын мамандықтары бойынша – 25%, жоғары стипендия 24 090 теңгеге дейін көбейді.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап:

-          бакалавриат студенттерінің стипендиясы - 26 186 теңгеге дейін;

-          магистратура – 66 913 теңгеге дейін өсті.

Педагогикалық бағыт бойынша стипендия мөлшері:

• бакалавриат деңгейінде – 42 000 теңгеге өсті;
• докторантурада – 102 498 теңгеден 150 000 теңгеге дейін өсті.

ҰБТ vs Пандемия

Биыл карантин талаптары қатаң сақтала отырып, ҰБТ ұйымдастырылды. Яғни ғимаратқа кіргізу кемінде 2 метр арақашықтықты қатаң сақтау арқылы маскалық режимде жүзеге асырылды. Сыртқы киімдерді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы туннель арқылы өтіп, оқушының аяқ киімін және қолын санитайзермен залалсыздандырылды. Термобақылаудан өткізілді.

Пандемия жағдайында ҰБТ-ны ұйымдастырдық. 122 мың талапкер қатысты. Осы жылы адалдық қағидаларын сақтауға ерекше көңіл бөлдік. Мысалы, бұған дейін 117 мың талапкерден 128 мың рұқсат етілмейтін құрылғылар табылса, биылғы жылы 122 мың бала ҰБТ тапсырып, олардан тек 2,5 мың құрылғы табылды. Неге? Өйткені біз талаптарды қатайттық, - дейді Аймағамбетов. ‘

Министрдің айтуынша, алдыңғы жылы 128 мың құрылғы табылғанның өзінде 24 талапкер ғана шығарылды. Ал биыл арнайы құрылғы табылған 2 500 талапкердің нәтижелері жойылды.

Алдағы жылы «Әліппе» қайта оқытылады

Мектептің бағдарламасына көптен айтылып жүрген мәселе – өзіміздің әліппе мен ана тілі пәндерін қайта қайтару. Бұл мәселені де шештік. Мектеп бағдарламасына ресми түрде енді. Мемлекеттік стандартқа енді. Бағдарлама жасалды. Ол биыл күзде бекітілді. Бағдарлама бойынша жаңа оқулықтар дайындалды. Жаңа оқулықтар бойынша пилоттық режимде 100-ден астам мектепте оқыту басталды. Жоба біткеннен соң келесі жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектебінде бүлдіршіндеріміз әліппемен және ана тілімен білім алатын болады. Сондықтан бұл жұмысты да орындадық деп айта аламыз, - деді Аймағамбетов.

Айта кетейік, келесі жылы енгізілетін әліппе крилл әліпбиінде оқытылады.

 ЖОО-лар лицензиясынан айырылды

5 университетті толығымен жаптық. Онда оқып жатқан 45 мың студентті басқа ЖОО-ларға көшірдік. Қазіргі күні студенттер оқуын жалғастырып жатыр. Тек ЖОО-лары ғана емес, сонымен қатар колледждер бойынша да тиісті шараларды қабылдадық. Биылғы жылы 300 лицензиядан 130 колледж айырылды. Бұл жұмыс әрі қарай да міндетті түрде жалғасады, - деді министр ОКҚ-де өткен брифингте.

 Жалақысын уақытылы төлемегендер жазаланады

Түркістан облысында 6 лауазымды тұлғаға қатысты шара қолданылды. Олар - білім бөлімдерінің басшылары, бас бухгалтерлер және экономистер. Жамбыл облысында 5 лауазымды тұлға жазаланды. 

Қарағанды облысында білім бөлімінің бас бухгалтері, Павлодар және Ақмола облыстарында білім бөлімдерінің бас экономистері де тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жуырда ғана осы бойынша БАҚ-қа ақпарат бердік. 16 әртүрлі білім бөлімдерінің мамандарын, білім бөлімдерінің басшыларын, мектеп басшыларын жалақының уақытылы төленбегені үшін жазаладық. Мемлекет бюджеттен бөліп берген ақшаны жұмыс істеген әріптестерімізге жеткізбеу деген ойға қонымсыз мәселе. Осындай мәселелерге қатаң шаралар қолданылуда. Бұл мәселені өз бақылауымызға алып, өзім айналысатын боламын, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов брифингте.

 2021. III тоқсаннан бастап аралас оқу түрі басталады

- оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылады; 

- оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация үйымдастырылады; 

- II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталады.  

Білім беру саласын басқару жүйесі қалай өзгереді?

2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни әр мектеп пен балабақшаның мәселелері облыстың бақылауында болады.

Сонымен қатар, білім бөлімдерінің басшыларын аудан және қала әкімдері емес, облыстық білім басқармасы басшысы тағайындайтын болады.

БҒМ талаптарына сәйкес олар іс-тәжірибелік және функционалдық дағдылары бар кадрлар, білім беру жүйесінде төменгі басшылық лауазымдарда жақсы тәжірибе жинаған мамандар болуы тиіс.

Министрлік білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларын тағайындамайды, мектептерді, балабақшаларды, колледждерді қаржыландырмайды.


 




Фото: дереккөз
Загрузка...