Бас жаңалықтар
2019 жылы миллионнан астам қазақстандық жатыр мойны обырына тексеруден өтеді
22 Қаңтар 2019, 11:47 278

2019 жылы миллионнан астам қазақстандық жатыр мойны обырына тексеруден өтеді

Астана, BAQ.KZ. 2019 жылы жатыр мойны обырына тексерісінен 1 миллион 30 мыңға жуық қазақстандық әйел өтеді. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрайымы Кайдарова Диляра мәлімдеді.

«Гинекологтың тексерісінен үздіксіз өтіп отырған жағдайда, жатыр мойны обырын тоқтатуға болады. Бұл онкологиялық аурудың үздіксіз тексерістен өту арқылы жазылуға болатын жалғыз түрі. 30-дан 70 жасқа дейінгі барлық әйелдер өздерінің емханаларында жатыр мойны обырына тексерілу үшін тегін скринингтен өте алады. Арнайы қарау бөлмелерінде әйелдерден онкоцитология үшін (pap-test) жағынды алынады. Егер жағынды қалыпты болса, онда келесі скринингті 4 жылдан кейін өтуге болады. Ал, егер жағындының нәтижесі қанағаттанарлықсыз болса, онда ол обыр алды жағдай болып саналады. Бұндай жағдайда, әйел онкогинекологқа және басқа да мамандарға одан әрі тексерілу үшін жіберіледі. Қазақстан ТМД-дағы халық үшін тегін скрининг жүргізілетін жалғыз мемлекет болып табылады», - деп түсіндірді Кайдарова Диляра.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 2019 жылды – жатыр мойны обырымен күрес жылы деп жариялағанын атап өту керек. Қазақстан ДДҰ-ның мүшесі болып табылады және жатыр мойны обырын алдын-алу, диагностикалау және емдеу бойынша барлық ұсыныстарды орындайды.

Жатыр мойны обыры жатыр мойыны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік болып табылады. Қазіргі уақытта адам папиллома вирусы (АПВ) ауруымен жатыр мойны обырының даму тәуекелі арасындағы байланыс дәлелденді деп саналады.  

Жатыр мойны обырына қарсы негізгі алдын алу шарасы - қыздарға (АПВ) екпесін егу болып табылады. Қыздар жыныстық қарым-қатынасқа түспей тұрып осы екпені алу керек.

«Біз өз институтымызда үлкен зерттеу жұмысын жүргіздік. Біздің мамандарымыз жатыр мойны обырының қазақстандық әйелдерде адам папиллома вирусының (АПВ) 16 және 18 типтерінен туындағанын анықтады. Сондықтан екі валентті екпе егу жеткілікті және осылайша жатыр мойны обырынан қорғануға болады. АҚШ-та, Канадада 10 жылдан астам уақыт бойы екпе жүргізіліп келгендіктен, бұл екпе жатыр мойны обырынан болатын өлімді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді» - деді Кайдарова Диляра.

Алматы қаласындағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында» адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы егу кабинеті бар.

Қазақстанда онкопатология құрылымында жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орынды алады. Жыл сайын жатыр мойны обырының 1700-ден астам жаңа жағдайы тіркеледі және осы аурудың 600-ге жуық жағдайы өлімге әкеледі.

Жатыр мойны обырымен ауру 40-44 жаста көп орын алады.

Айта кету керек, қаңтар айында Қазақстанда онкологиялық ұйымдарда Дүниежүзілік жатыр мойны обырына қарсы күрес апталығы өткізіледі.

 

Сізден жаңалық