2019 жылы ЖІӨ өсімі 3,8% деңгейінде болады – министр

12 Наурыз 2019, 09:48
2335
Бөлісу:
2019 жылы ЖІӨ өсімі 3,8% деңгейінде болады – министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бірқатар факторларды ескере отырып, 2019 жылға жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8% деңгейінде бағалануда. Бұл жөнінде үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. 

«2019 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылаудың негізгі факторлары 2018 жылға жалпы ішкі өнім дерегінің жариялануы, тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторының өсу қарқынының өзгерісі болып табылады. Мәселен, 2018 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 58,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база болып табылады. 2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру 1,4 млн тоннаға немесе 1,5%-ке төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің төменірек өсу қарқынын қалыптастырады», - деді министр. 

Оның айтуынша, қызмет көрсету секторы бойынша неғұрлым жоғары өсім күтілуде. Қызмет көрсету секторы өсімінің негізі ішкі сұраныстың ұлғаюы болып табылады. 

Сондай-ақ, сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, болжам шеңберінде 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұған дейін мақұлданған деңгейде сақталды. 

«Сондай-ақ ауыл шаруашылығының, құрылыстың, сауданың, көлік және қоймалаудың өсу болжамы сақталды. Өнеркәсіп өсімі 1,6%-ды құрайды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі тау-кен өнеркәсібіне қарағанда көбірек өседі. Экспорт 54,4 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 0,3 млрд долларға өсті. Импорт көлемі 32,9 млрд АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Дамудың жоғарыда аталған факторларын ескере отырып, 2019 жылға жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8% деңгейінде бағаланып отыр. 2019 жылға номиналды жалпы ішкі өнім 64,3 тлрн теңге көлемінде болжануда, бұл бұрынғы бағалаудан 323,5 млрд теңгеге артық. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 409 АҚШ долларын құрайды», - деді министр. 

Министр ақпаратына сәйкес, республикалық бюджеттің кірістері 2019 жылы 7,0 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр. Бұл бекітілген жоспардан 200,4 млрд теңгеге жоғары.

«Сондай-ақ Тікелей инвестициялар қорын құру үшін Ұлттық қордан 370 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферт қарастырылған. Бұл ретте, түсімдер мен пайдалануды ескергенде Ұлттық қордың таза түсімдері оң нәтижеде болады. Мұнайлы емес тапшылықтың деңгейі 2019 жылы жалпы ішкі өнімнің 8,4%-нан аспайды. Республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 11,9 трлн теңге көлемінде болжанады», - деп түйіндеді Дәленов.

Ақмарал Шағатай

Өзгелердің жаңалығы