2018 жылдан бері теміржол өткеліндегі апаттан 3 адам қаза тапқан

16 Қыркүйек 2019, 14:39
1859
Бөлісу:
2018 жылдан бері теміржол өткеліндегі апаттан 3 адам қаза тапқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осындай мәліметті келтірді. 

«Жалпы біздің автожолдарымызда 1 мыңнан астам теміржол өткелі бар. Бізде қауіпсіз жол ережесі, яғни нормативтер бар. Олар тексерілген әрі қолданылып келе жатыр. Бірақ біз оларды одан әрі жетілдіруді қарастырамыз. 2018 жылы осындай өткелдерде барлығы 9 жол-көлік оқиғасы болды айтуға мәжбүрміз. 2 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алды. Ал биылғы 8 айда, кешегі жағдайды қосқанда, 6 жол апаты орын алды. Бір адам қаза тауып, 15 адам жарақаттанды. Біз қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін бар күшімізді саламыз », - деді Роман Скляр ОКҚ брифингі барысында. 

Бұған дейін Роман Скляр жарақат алғандардың кім екенін атап өткен еді. Сондай-ақ, теміржол өткелі талапқа сай толық жабдықталғанын хабарлаған болатын. Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 20 адамның 16-сы автобустан шығып үлгергенін және жол қараушысы тергеуге алынғанын айтты.

Атап өтсек, кеше Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады. 

ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен. 

Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған - автобус жүргізушісі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты. Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғы екені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.

Кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмағынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы