Бас жаңалықтар
Бүгін
2018 жыл. Қазақстан кімдерден айырылды
31 Желтоқсан 2018, 18:49 1177

2018 жыл. Қазақстан кімдерден айырылды

Астана, BAQ.KZ. «Тумақ бар жерде өлмек бар» дейтін халқымыз, «туу – сүннет, өлу – парыз» дегенді қоса айтады. Дегенмен, тас түскен жеріне ауыр, «өлім – байдың малын шашамын, кедейдің абыройын ашамын» деп келеді екен.

Олай болса, 2018 жыл Қазақстан халқы үшін қандай рухани ауыр жыл болғанын өмірден өткен өрендеріміз арқылы да пайымдауға болатын секілді.

Жыл басында, 3 қаңтар күні Астана қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Талғат Рысбеков (1966-2018) қайтыс болды. Ай соңында бұрынғы Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков (1930-2018) дүниеден өтті. Ол 1976–1987 Мәдениет министрі болып қызмет етті.

Ақпанның алғашқы күндері алыстағы ағайыннан қаралы хабар келді. Қазақ скрипкашысы ретінде танылған этникалық қазақ Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсәләмов) (1917-2018) Стамбулда 2 ақпан күні 101 жасқа қараған шағында дүние салды. 1917 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген Ғалымжан Әбсәламов Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Еуропа елдерін паналады. Кейін Түркияға келіп тұрақтаған.

Ақпанда Алты алашты «аһ ұрғызған» суық хабар – танымал жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың (1956-2018) қазасы болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері Рахымжан Отарбаевтың еңбектері орыс, қытай, қырғыз, т.б. тілдерде жарық көрген.

Ақпанның соңғы күні Алматыдан жеткен екі бірдей азалы хабар Қазақ журналистикасы орны толмас қайғыға тап болғанын білдірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті премиясының ең алғашқы лауреаты, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы басшысы, еліміздің көрнекті журналисі Ержұман Смайыл (1948-2018) өмірден озды. Сонымен қатар, тура осы күні қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, спорт журналисі Сұлтанғали Қаратайұлы (1936-2018) дүниеден өтті. Сұлтанғали Қаратаевтың бүгінде қазақ комментаторлығына қажетті көптеген термин сөздерді ел есінде. Мәселен, "Айып алаңы", "Оң қаптал", "Сол қаптал", "Қосалқы құрам" тағы басқасы да бар. Бүгінде бұл сөз тіркестері жиі қолданылады.

Қазақ халқы ақпандағы азалы сәттен арылмай жатып, тағы бір қазаға душар болды. Қазақ сатирасының сардары, жазушы, журналист Үмбетбай Уайдин (1935-2018) 83 жасқа қараған шағында өмірден озғаны туралы ақпар 1 наурыз күні елді елең еткізді.

Наурыздағы еліміз үшін ауыр қазаның бірі – танымал саясаттанушы, «Самұрық-Қазына» АҚ омбудсмені Нұрлан Ерімбетовтің (1960-2018) өмірден өтуі еді. Саясаттанушы ауыр науқастан көз жұмды.

Сәуір айында Қазақстан тағы бір қарт журналисінен көз жазып қалды. 20 сәуір күні Танымал жазушы, Қазақстан журналистер одағаның мүшесі Сапабек Әсіпұлы (1925-2018) дүниеден өтті.

Биылғы жыл қазақ журналистикасына ауыр жыл болды. Жыл басынан бері 4 журналисінен айырылған ел, мамыр туа тағы бір қаламгер ұлымен қош айтысты. «Экспресс-К» газетінің бас редакторы Тимур Неталив (1966-2018) Астанада қайтыс болды.

Қазақстан теңгесіне 25 жыл тоған уақытта еліміз алғашқы теңге дизайнын жасаған ардагерімен қош айтысты. 10 мамыр күні дизайнер, архитектор Тимур Сүлейменов (1943-2018) қайтыс болды. Ол Қазақстандық дизайн мектебінің негізін салушы. Алматы облысындағы «Черкасск қорғанысының батырларына» мемориалдық кешенінің; Түркістан қаласын қайта құру және тарихи-мәдени туристік орталыққа айналдыру жобасының авторы.

Маусым айында ҚР Парламенті Сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев (1956-2018) қайтыс болды.

Осы айда атақты жазушы Олжас Сүлейменовтің отбасында да қайғылы жағдай орын алды. Жазушының жиені Ескендір Сүлейменов (1992-2018) жол апатынан қаза тапты.

Қазақстандық бүлдіршіндер Зәмзәгүл әжелерінің дауысын тек радиолардан ғана тыңдай алады. Себебі «Зәмзәгүл әженің ертегілерін тыңдаңыздар» дейтін ерекше дауыс иесі, ерекше талант иесі, Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова (1931-2018) 14 шілде күні көз жұмды.

Шілдедегі әлемдік спортсүйер қауымды есеңгіретіп кеткен жас өлім – Денис Теннің (1993-2018) қазасына қайғырмаған адам жоқ. Небары 25 жасында қыршын кеткен боздақтың кісі қолынан қаза табуы елді дүрліктірді.

Тамызда қазақ елі тағы бір журналисінен айырылды. Белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі, «Ұлан» газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлы (1943-2018) қайтыс болды.

Тамыз айының соңында жас ақын, Павлодар облысытық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков (1981-2018) жол апатынан көз жұмды.

Тамыздың соңы алыстағы ағайыннан тағы бір суық хабарды жеткізді. Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан тұңғыш математика ғылымының профессоры Әмір Жалбағаев (1936-2018) 82 жасында дүиеден өткені туралы ақпар келді.

Қыркүйек айында астаналықтар журнлист әйелмен қоштасты. Кісі қолынан қаза тапқан Ирина Бекетова (1981-2018) елімізге танымал сайттардың бірінде журналист болып қызмет атқаратын. Оны өзінің азаматтық некеде тұрған күйеуі өлтірді деген күдік бар.

Қазан айы қайғылы қазамен басталды. 2 қазан күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралиев Тұрсын Байтайұлы (1950-2018) дүниеден өтті.

Араға апта салып, 9 қазан күні Қазақстан қара сөздің хас шебері, қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазамен (1932-2018) қоштасты. Шерханның қазасы қазақ халқы үшін рухани қазынасы ортая түскенмен тең болды.

Шерхан Мұртазаның жетісі өтер-өтпесте, елміз тағы бір журналист қызымен қош айтысты. 18 қазан күні танымал журналист, аудармашы, ұзақ жылдар осы салада қызмет істеген Күлән Берікболова (1956-2018) ауыр науқастан қайтыс болды.

Осы айда қазақ ән өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, ақын, ән мәтіндерін жазудың хас шебері, өлеңдеріне көптеген әуен жазылған ақын Әбдірахман Асылбеков (1938-2018) дүниеден өтті.

Әбдірахманның жетісіне жетпей Астана жұрты аяулы жазушысы Талғат Кеңесбаевпен (1961-2018) қоштасты.

Қазан айындағы елді дүрліктірген тағы бір «қаза» Ескендір Хасанғалиев "қайтыс болды" деген жалған ақпарат болды. Әуелі әлеуметтік желі, артынша бірнеше ақпарат құралы әйгілі әнші қаза болды деген ақпарат таратты. Алайда, бұл өтірік болып шықты. Ырымшыл халық өзінің сүйікті әншісін «ұзақ жасайды екен» деп ырымдады.

Қазан айындағы 5 бірдей ауыр қазадан есін енді жиған ел қарашаның соңында екі бірдей ардагерінен айырылды. 24 қараша күні танымал ғалым, тарихшы, ҚҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карл Байпақов (1940-2018) дүниеден өтті. Бір күн өткен соң актер, педагог, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері, Қазақстан Білім беру ісінің Үздігі Есім Сегізбаев (1937-2018) қайтыс болды.

Жыл соңында қазақ елі аяулы әртіс қыздарының бірінен айырылды. Жан түршігерлік жол апатынан танымал актриса Шолпан Елгезек дүниеден өтті.

Ал дәл жаңа жыл күні Алматыдан қаралы хабар жетті. Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың уақыты жеткен екен.

2018 жылы қазақ журналистикасы үшін қаралы жыл болды деуге де болатын секілді. Бір жылда қарты бар, жасы бар 7 журналист өмірден өткен екен. Ал қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген 5 жазушы, 3 саясаткер, 2 құрылыс саласының маманы, 2 ғалым, 1 спортшы мен 7 мәдениет майталманы және бір жазушының жиені қаза тауыпты. Бұл BAQ.KZ ақпарат агенттігінде жарық көргені, біздің назардан тыс қаншама азамат бұл дүниемен қоштасып жатыр. «Қайғыны бөліссе азаяды, қуанышты бөліссе көбейеді» дейді дана халқымыз. Ендеше бөлісер қайғымыздан қуанышымыз көп болсын!

Осы орайда, 2018 жылы дүниеден өткен әлемдік тұлғаларға да тоқтала кетуді жөң көрдік.

Жыл басында әлемнің ең қарт ер адамы көз жұмды. Ал Голливудтың ең қарт әртісі 106 жасында өмірден өтті. Сондай-ақ, NASA айға екі рет ұшып, алғашқы «Шаттл» кемесінің бортында болған Джон Янгтың қайтыс болғанын жариялады. Наурыз айында әлемге танымал физик Стивен Хокинг дүние салды. 25 наурыз күні Еurovision байқауының ең алғашқы жеңімпазы 95 жастағы Лиз Ассия қайтыс болса, 28 наурызда әйгілі Калашников өмірден өтті.

Сәуірде «Оскар» жүлдесінің екі мәрте жеңімпазы, чех және америкалық кино режиссер Милош Форман 86 жасында көз жұмды. Араға үш салып 18 сәуір күні АҚШ-тың экс-президенті үлкен Буштың әйелі, кіші Буштың анасы Варбара Буш дүниеден озды. Сонымен қатар, 21 сәуір күні АҚШ-та сиқыршы бала Гарри Поттер туралы фильмде ойнаған актер, каскадер Верн Тройер қайтыс болды.

Мамыр айында LG Group төрағасы Ку Бон-Му (Koo Bon-moo) Оңтүстік Кореяда 74 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

21 мамырда Голливуд фильмдеріне көптеген постер дайындаған америкалық дизайнер Билл Голд 97 жасында көз жұмды.

Тамызда әлем саясаты ерекше танымал тұлғадан айырылды. Ұзақ жыл БҰҰ-ны басқарған Кофи Аннан 80 жасында Женевада дүниеден өтті. Ал ресейлік танымал әнші Иосиф Кобзонның неден қайтыс болғанын дәрігерлер анықтады.

13 қараша күні Америка халқы жазушы, актер, бірқатар комикстердің авторы Стен Лимен қоштасса, 1 желтоқсан күні АҚШ-тың экс-президенті үлкен Бушты ақтық сапарға шығарып салды.

Ержан Жаубай, фото: Шерхан Мұртазамен қоштасу сәті

Сізден жаңалық