200 пәтерге 1179 үміткер: «Елорда жастары» бағдарламасының нәтижесі қашан шығады?

1 Қараша 2021, 13:25
5010
Бөлісу:
200 пәтерге 1179 үміткер: «Елорда жастары» бағдарламасының нәтижесі қашан шығады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық жастардың баспаналы болуы үшін биыл алғаш рет «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын. Жоба аясында жастарға төмен пайызбен несие беріледі. Сондай-ақ баспаналы болу үшін қатысушының шотында үй сомасының бастапқы 10%-дық жарнасы болуы шарт. 

Жаңа бағдарлама қатысушысына қойылатын талаптар мен конкурстық жүйенің нәтижесі қашан белгілі болатынын білу үшін Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй қоры және тұрғын үй басқармасы мен инспекциясының баспасөз хатшысы Арманай Оңғарбаеваға хабарластық.

«Елорда жастары» бағдарламасының негізгі ережелеріне тоқталатын болсам, оған елорданың 35 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. Бағдарлама аясында «Отбасы банкі» арқылы төменгі несиемен үйлер беріледі. Сондай-ақ қатысушының соңғы бір жылда Нұр-Сұлтанда тұрақты мекен жай тіркеуі болуы керек. Одан бөлек, ережеде көрсетілген салада соңғы бір жылда жұмыс істеуі қажет. Яғни оның қатарында 11 сала бар: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, журналистика, ЖОО, білім беру мекемелері, т.б. – деді Арманай Оңғарбаева.

Тағы бір қойылатын талап – тізімдегі көрсетілген салалар мемлекеттік болуы керек. Яғни қалалық немесе республикалық деңгейде болуы шарт. Жеке кәсіпкерлердің қызметкерлері бағдарламаға қатыса алмайды.

Бағдарламаға қатысушылар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Егер отбасы мүшесінің бірінде мүгедектігі болса, онда осы отбасыға басымдық беріледі. Яғни І, ІІ топтағы мүгедектік үшін 10 балл беріледі. Бір отбасында бірнеше мүгедек болса, 10 балдан бірнеше рет беріледі. Сондай-ақ жұмыс істейтін саласы бойынша да балл беріледі. Яғни әр жыл еңбек өтілі үшін 5 балл беріледі, ал толық емес жылға 3 балл есептеледі, – деп атап өтті Тұрғын үй қоры маманы.

Айтуынша, балдық жүйе кезінде отбасында неше бала барына қарамайды. Жоғарыда айтылғандай, қатысушының елордада соңғы бір жылда тұрақты тіркеуі болуы керек. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің де тұрақты мекен жайының болуы міндеттеледі. Бір мекен жайда тіркелмей, отбасы мүшелері бірнеше жерде тіркелсе де болады.

Бағдарламаға құжат қабылдау кезінде порталда ешқандай ақаулар болған жоқ. Барлық ақпарат толығымен уақытылы жарияланып отырды. Егер қатысушыларда қандай да бір сұрақ туындаса, олардың 109 Call-орталығымен байланысуларына мүмкіндіктері болды. Құжат тапсыру кезінде ешқандай шағымдар түспеді. Өтінішті тапсыру 21 қазанда тоқтатылды. Енді қор 30 жұмыс күні ішінде іріктеу жүргізеді. Яғни түскен барлық өтінішті тексеріп, балдық жүйе бойынша оларға тиісті баға береміз. Сондай-ақ жұмыс орны бойынша сәйкестігін тексереміз, – деп түсіндірді баспасөз хатшы.

Бағдарламаға қатысу үшін елордалықтардан 1 179 өтініш түсті.

Айта кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасы 3 жылға бекітілген. Яғни 2021-2023 жылдарға дейін бағдарлама жүзеге асады.

Бағдарлама бойынша максималды несиелендіру сомасы 18 млн теңгені құрайды. Егер азамат 18 млн-ға емес, одан қымбаттау үй алғысы келсе, онда қалған соманы өзі төлеуі керек. Мысалы, 20 млн-ның үйін алатын болса, онда қатысушы 2 млн теңгені өзі салады. Бастапқы жарна 10%. Яғни 18 млн теңгенің үйін алатын болса, қатысушының «Отбасы банкіндегі» шотында 1,8 млн теңге болуы шарт. Бағдарлама бойынша банк 5%-бен қалған соманы береді, – деді ол.

Еске сала кетейік, қарашадан бастап елордада Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бағдарламасы басталады. Ол 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Бағдарламаны іске асырудың нақты уақыты, пәтерлер саны мен оның орналасқан жері белгісіз. Қазіргі күнде тек құжаттар тізімі мен бағдарлама талаптары жарияланды.

Осыдан шамамен бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Ол атап өткендей, биыл елордалық 200-ге жуық отбасы баспаналы болады.

«Elorda Zhastary» – табысы жоғары емес жастарға тұрғын үй мәселесін шешуге арналған. Біз олардың «Отбасы банкінің» есепшоттарында құлшыныспен ақша жинап жатқандарын және де пәтер алуға дайын екенін білеміз, бірақ олардың қаражаты мен мүмкіндіктері жеткіліксіз. Ал жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылса, олар биыл жаппай қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Оның дәлелі ретінде – Алматы қаласын келтіруге болады. Оның көмегімен қазірдің өзінде тұрғын үй мәселесін 2 мың алматылық шешті, – деп түсіндірді «Отбасы банкінің» Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Елорда әкімдігі мен «Отбасы банкі» «Elorda Zhastary» тұрғын үй бағдарламасы бойынша қарыз алушыларға несие беру үшін 3,6 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысын несиелендіруге көмектеседі.

Еске сала кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасына қатысу үшін үміткерлерден құжаттар 14-21 қазан аралығында qatysu2.zhilfond.kz порталы арқылы қабылданды. Қазіргі таңда құжаттарды тексеріп, іріктеу жүргізіліп жатыр.

Пул құрылғаннан кейін бағдарлама қатысушылары «Отбасы банкінен» несие алуға жолдама алады. Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілетін тексеріп, жылдық 5%-бен жеңілдетілген несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жас тұрғындарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады.

200 пәтерге – 1179 үміткер

Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жыл сайын «Elorda Jastary» бағдарламасы аясында 600 баспана берілетіні жазылған болатын. 

Алайда биыл бағдарлама іске қосылғанда 200 елордалықты қаржыландыру жоспарланып отырғандығы жарияланды. Десе де бастапқы кезде үйдің максималды сомасы 13 млн теңгені құраған болатын. Биыл оның сомасы 18 млн теңгеге дейін көтерілді.

Тапсырылған өтініштер саны – 1179

Денсаулық сақтау саласы бойынша өтініш бергендер саны:

340

Білім саласы бойынша өтініш бергендер саны:

269

Мәдениет саласы бойынша өтініш бергендер саны:

62

Спорт саласы бойынша өтініш бергендер саны:

26

ЖОО және ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер саласында өтініш бергендер саны:

92

Әлеуметтік сала бойынша өтініш бергендер саны:

69

БАҚ саласы бойынша өтініш бергендер саны:

52

Коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелер саласы бойынша өтініш бергендер саны:

157

«Жетім балалар» санаты бойынша өтініш бергендер саны:

11

«Полиция қызметкерлері» санаты бойынша өтініш бергендер:

44

«ТЖД қызметкерлері» санаты бойынша өтініш бергендер саны:

56

Тағы да еске сала кетейік, құжаттар қабылдау қазанның 21 күні аяқталды. Енді үміткерлердің тапсырған құжаттарын тексеріп, оларды іріктеу процесі жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы