2 шілде – Қазақстанның дипломатиялық қызметі күні

2 Шілде 2020, 10:46
1381
Бөлісу:
2 шілде – Қазақстанның дипломатиялық қызметі күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аталған күн 2009 жылы бекітілді. 1992 жылдың осы күнінде Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі туралы", "Қазақстан Республикасының елшілігі туралы" және "ҚР төтенше және өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы" ережелерді бекітті. 

Көп ұзамай сыртқы саясат тұжырымдамасы қабылданды. Ол көпвекторлық және теңгерім ұстанымы бойынша қалыптасты.
Қазақстан дипломатиясының бастауы Қазақ хандығы кезеңінде басталды. Бірақ тәуелсіздік жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақстан жаңа тарихи жағдайда халықаралық деңгейде өзін мойындата алды. Өзінің шарттық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтын және жаһандық, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуды, әлемдік қоғамдастықтың барлық елдерімен достық және өзара тиімді қатынастарды дамытуды жақтайтын мемлекет беделіне ие болды.

Белсенді халықаралық қызмет пен салмақты саяси бағыт біздің елімізге БҰҰ-ға мүше барлық елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға аз уақыт ішінде мүмкіндік берді.

Қазақстан мемлекеттік шекараны түпкілікті ресімдеді және бүкіл сыртқы аймақ бойынша «тату көршілік белдеуін» орнатты. Сондай-ақ, Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің "қозғаушы күші болды" болды. ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түрік кеңесіне табысты төрағалық етті.  ДСҰ-ға кірді, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізді, 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК-ға тұрақты емес мүшелікті лайықты жүзеге асырды.

Өзгелердің жаңалығы