18 жылдың ішінде 60-жуық әлем чемпионатының жүлдегерін тәрбиелеген әйгілі бапкер өмірден озды

22 Сәуір 2021, 14:45
3227
Бөлісу:
18 жылдың ішінде 60-жуық әлем чемпионатының жүлдегерін тәрбиелеген әйгілі бапкер өмірден озды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Самбо күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Керей Қойшыбек 74 жасына қараған шағында дүниеден озды. Қазақ спорты үшін орны толмас қаза жайлы марқұмның туыстары хабарлады.

Керей Қойшыбек – 1947 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. Самбо күресінен ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Нақтырақ айтқанда, 1992-2010 жылдары тізгінді ұстады. Осы уақыт аралығында қазақ балуандары самбо күресінен әлем чемпионатында 60-қа жуық жүлде еншіледі. Ерболат Байбатыров 4 мәрте, Асхат Шахаров 3 рет тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілді. Сонымен қатар, Ба­уыр­жан Садыханов, Қоныс Жет­пісов, Дәурен Жайнақов және Азамат Мұқанов секілді жігіттер әлем чемпионатынан алтын алды. Қыздардан 1996 жылы Токиода Сәуле Ғабдуллина және 2007 жылы Прагада Раиса Баялиева жеңіске жетті. Сонымен қатар, 50-ге жуық спортшы күміс пен қола медаль еншілеген.

Мен самбоны шексіз сүйетін адаммын. Бүкіл саналы ғұмырымды осы салаға арнадым. Кезінде спорт басшылары тарапынан «Алматыдағы спорт мектептерінің бірін бас­қа­рыңыз», «Дзюдошылар командасын жаттықтырыңыз» деген ұсыныстар да түскен. Ше­телдіктердің де қолқа салғаны бар. Өзгесін айтпағанда, сонау Панама елінен шақырту ал­ған­мын. Алайда жастайымнан се­рік еткен өнерді ешнәрсеге ал­мастырғым келмеді, - деген болатын Керей Қойшыбек бапкер тірі кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Өзгелердің жаңалығы