​​"Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім" олимпиадасына 146 қандас қатысты

28 Маусым 2020, 15:08
2794
Бөлісу:
​​"Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім" олимпиадасына 146 қандас қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы биылғы жылдың 22-28 маусым аралығында "Отандастар қорының" қолдауымен шет елдердегі қазақ диаспорасы балаларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша "Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім" атты XVII Халықаралық олимпиадасын өткізуде.

Әлемдік деңгейде таралған коронавирустық инфекция пандемиясының салдарынан, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Олимпиада ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша тұңғыш рет қашықтан өткізіліп отыр.

Олимпиада қазақ тілі мен әдебиетін терең білетін қазақ диаспорасы балаларының арасынан дарынды оқушыларды анықтауды, олардың ана тілі мен қазақ әдебиеті, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өнері жөніндегі танымдық қабілеттерін арттыруды, әлемнің әр елінде тұратын қазақ жастары арасында достық байланыстың орнауына ықпал етуді, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгерудің маңыздылығын арттыруды көздейді.

Қатысушылардың саны бойынша биылғы Олимпиада рекордтық көрсеткішке ие. Ең көп қатысушы Өзбекстан Республикасынан болса, Бельгия елінен оқушылар тұңғыш рет қатысуда.

Ресей, Қытай, Иран, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан мен Түркия елдерінен оқушылар жыл сайын дәстүрлі түрде Олимпиадаға қатысып, олардың ішінен ең білімпаздары жеңімпаз атанып, еліміздің жоғарғы оқу орындарында білімдерін жалғастыруда, ал олардың алғы буыны елімізде еңбек етіп қызмет жасап жатыр. Биылғы олимпиадаға қатысқан оқушылардың жалпы саны 146 қатысушы, - делінген хабарламада.

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Білім және ғылым министрінің  I, II, III дәрежелі дипломдарымен қоса бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Бұдан бөлек, жақсы нәтижелер көрсеткен қатысушыларға "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының түрлі номинациялар бойынша тағайындалған дипломдары мен арнайы сыйлықтары беріледі, сондай-ақ "Отандастар қорының" сыйлықтары табысталады. Олимпиаданың барлық қатысушысына қатысушы сертификаты беріледі.

Өзгелердің жаңалығы