Бас жаңалықтар
Қызылордада ата-аналар «суицид сақшылары» курсын оқыды
17 Наурыз 2019, 14:33 1090

Қызылордада ата-аналар «суицид сақшылары» курсын оқыды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы 2015 жылы елімізде бірінші болып ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірігіп, «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» пилоттық жобасын қолға алды. Осы бағыттағы іс-шаралар «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Білім» бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті мәжілісінде жан-жақты талқыланды.

Аталған жобаны аймақта «Bilim Foundation» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр. Былтыр жобаға облыс қазынасынан 50 миллион теңге қаржы жұмсалған. Биыл 66 миллион теңге бөлінген.

«Жобаның аясында педагогтарға ғана емес, ата-аналарға да кеңестер, дәрістер берілуде. Нақтырақ айтсақ, Сыр өңірінде 811 педагог-психолог және өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің барлығы «Терапевтік альянс ортасын құру» курсынан өтті. Сондай-ақ, аймақтағы 39 мыңнан астам ата-ана «суицид сақшылары» курсын оқыды. Соның арқасында өз-өзіне қол жұмсамақ болған 21 баланы аман сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, 2018 және 2019 жылдары облыстағы 15-17 жастағы 45 мыңнан астам жасөспірімді қамтыған сауалнама жүргізілді. Ол үшін алдымен ата-аналардың келісімін алынды. Сауалнама қорытындысы бойынша 780 жасөспірім «тәуекел» тобына жатқызылды. Осы жылы «Bilim foundation» қоры облысқа жасанды интеллекттің көмегімен «Әлеуметтік желідегі жастардың жан күйзелісін анықтау мониторингі» пилоттық жобасын тегін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл не береді? Жоба Facebook, Vkontakte, Instagram, Twitter, mail.ru сияқты әлеуметтік желілерде отыратын жастардың күнделікті күйзелісті жазбаларын автоматты түрде анықтайды. Осы арқылы психологтардың жұмысы оңтайланады», ­- дейді облыстағы білім саласының білікті мамандарының бірі Ақзира Қасымова.

Аймақта жасөспірімдерге жүргізілетін сауалнамалар цифрландырылды, online негізде алынатын болды. Қоғамдық қордың үйлестірген бұл жүйесі бүгінде облыс орталығы мен Сырдария ауданына толығымен енгізілді. Атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, өңірде былтыр кәмелетке толмағандар арасында 13 суицид дерегі тіркелді. Мамандар мұндай қадамға барғандардың 80 пайызының әлеуметтік-материалдық жағдайының төмендігі, ата-аналарының ажырасқандығы, толық емес отбасы жағдайы, ата-ана мен бала арасындағы кикілжің себеп болғандығын айтып отыр.

Жиында облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Жасұлан Тасабаев орталық тарапынан жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылық іс-әрекеттердің алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

«2019 жылға жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылық іс-әрекеттердің алдын алуға бағытталған желілік кесте бекітілген. Қазіргі таңда кестеге сәйкес айына бір рет қоғамдық рейд және Қызылорда қаласына қарасты елді мекендермен халық көп шоғырланған орындарда қоғамдық қабылдау, кеңес беру шаралары ұйымдастырылуда», ­- дейді Жасұлан Тасабаев.

Басқосу барысында мектеп оқушыларының қылмысы, кәмелетке толмағандардың ерте жүктілік проблемасы, ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны секілді мәселелер талқыланып, түрлі ұсыныстар мен бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту жөніндегі шешімдер қабылданды.


Фото: дереккөз
Загрузка...