"Еңбек" бағдарламасы. 12 мыңнан астам павлодарлық қамтылды

10 Шілде 2020, 15:47
1427
Бөлісу:
"Еңбек" бағдарламасы. 12 мыңнан астам павлодарлық қамтылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде нәтижелі жұмыспен қамтудың "Еңбек" бағдарламасына 12 мыңнан астам азамат қатысып, екі қолға бір күрек тапты.

Сала мамандарының хабарлауынша, еңбек нарығындағы кадр тапшылығын жою мақсатында аймақта сұранысқа ие 100 сервистік және индустриялық кәсіптердің тізімі әзірленді. Сараптама нәтижесінде өңірдің еңбек нарығына жұмысшы мамандықтар қажет екені белгілі болды.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенованың айтуынша, тізім бойынша оқу курстарынан өту ұсынысын 79 адам қабылдаған. Олар тігінші, аспаз, электромонтер, машинист мамандықтарын игеріп, жұмысқа орналасқан.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында 600 адам техникалық және кәсіптік білім алады деп күтілуде. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша "Бастау-Бизнес" жобасы аясында 700-ден астам азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Жоспар бойынша 1700-ден астам адам оқу керек. Ауыл азаматтарын қолдау шаралары да жемісін беруде. Елді мекен тұрғындарына 164 шағын несие берілді. Биыл олардың қатары артады. Алдағы уақытта шағын несиелер стартап жобаларды қолдауға да үлестіріледі, - дейді Хелуа Қашкенова.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында 360 грант беріледі. Көп балалы отбасылар да назардан тыс емес.

Жалпы, жұмыссыздықты жою аясында өңірде 11 мыңнан астам адам жұмысқа орналасып, нәпақа табады деген жоспар бар.
Өзгелердің жаңалығы