12 күнде браконьерлерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды

19 Қыркүйек 2019, 21:04
1618
Бөлісу:
12 күнде браконьерлерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында табиғат қорғау заңнамасын өрескел бұзудың 75 дерегін анықтады. Оның 18 дегері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«7 қыркүйекте басталған «Браконьер» алдын алу іс-шарасының басты мақсаты – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, браконьерлікті болдырмау. 12 күн ішінде заңсыз аң аулаумен айналысқан 3 тұлғаға, балық аулаған 2 тұлғаға және кесуге тыйым салынған ағаштарды кескен 13 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, 57 адамға әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды»,- деді Алматы облысы ПД Табиғат қорғау инспекторы Бағлан Рымжанов.

Табиғат сақшыларының ақпаратына сәйкес, бүгін Еңбекшіқазақ ауданының аумағында табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, жергілікті тұрғынның Сібір елігін атып алу дерегі әшкереленген. Бұған дейін, осы ауданда жергілікті тұрғынды Қызыл кітапқа енгізілген 4 тоғай бұғысын атқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларының қабылданып жатқаны туралы хабарланған.

«Осы іс-шара барысында 8 мылтық тәркіленді. 1 тоннадан астам балық, 12 текше метр ағаш тәркіленіп, олардан түскен қаражат мемлекеттің пайдасына аударылды»,- деп атап өтті Б. Рымжанов.

Өзгелердің жаңалығы