Қазақстанда 12 арнайы экономикалық аймақ құрылған – Роман Скляр

21 Мамыр 2019, 09:50
4681
Бөлісу:
Қазақстанда 12 арнайы экономикалық аймақ құрылған – Роман Скляр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда қазіргі уақытта 12 арнайы экономикалық аймақ және 23 индустриялық аймақ құрылған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты. 


«Инвестиция тарту мен экспортты ілгерілету құралдарының бірі – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар. Қазақстанда қазіргі уақытта 12 арнайы экономикалық аймақ және 23 индустриялық аймақ құрылған. Олар жұмыс істеп тұр. Арнайы экономикалық аймақтар және индустриялық аймақтар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтардың айырмашылығы бар екенін атап өткен маңызды. Себебі, оған қатысушыларға салық және кеден жеңілдіктерінің ауқымды топтамасы ұсынылады. Бұл бағытта елімізде 183 жоба іске қосылған. Олардың ішінде шетелдік қатысушылармен 46 жоба бар», - дейді Роман Скляр.  

Оның айтуынша, осының арқасында 15,5 мың жұмыс орны құрылған. Бюджетке салық түрінде шамамен 150 млрд теңге қайтарылыпты.

«Барлық арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымының құрылысына бюджет шығындары 314,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте тартылған инвестиция көлемі 910 млрд теңге. Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына салынған 1 бюджет теңгесі 2,8 теңге жеке инвестиция тартуға жол берді. Индустриялық аймақтарда инвестиция көлемі шамамен 183 млрд теңгені құрайтын 168 өндіріс және 8,5 мыңнан аса жұмыс орындары құрылған. Енді, 2021 жылға қарай, арнайы экономикалық аймақ аумақтарында 2 трлн теңгеден асатын сомаға 147 жоба іске асырылатын болады. Сосын биыл яғни 2019 жылы шамамен 1200 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 160 млрд теңгеден аса сомаға 36 жоба іске қосылатын болады. Ал, 2021 жылға қарай жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге 111 жоба іске асырылады», - дейді министр.


Өзгелердің жаңалығы