Ұлытау өңіріне келетін туристер санын жылына 100 мыңға жеткізу көзделуде

24 Қазан 2019, 14:05
2230
Бөлісу:
Ұлытау өңіріне келетін туристер санын жылына 100 мыңға жеткізу көзделуде
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ұлтымыздың алтын бесігі саналатын Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін көруге келушілердің саны жыл санап артып келеді. Алдағы онжылдықта бұл өңірге келетін туристер ағыны бірнеше есеге көбеймек.

Бұл жайында Қарағандыда өткен "Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік" халықаралық ғылыми конференциясының ашылу салтанатында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне сапары барысында Жошы ханның кесенесін мәдени туризм нысанына айнылдыру қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ел президенті Алтын Орда тарихын жаңа көзқарастар тұрғысынан зерттеу мен хандықтың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы мемлекеттік идеологияны қалыптастырудың басым бағыттарының бірі екендігін айтты. Бүгінгі таңда Ұлытауда туристердің жайлылығы үшін көптеген инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қазір Ұлытауға жылына 14 мыңға жуық турист келеді. 2030 жылға қарай туристердің ағынын 100 мыңға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, біздің облыста туризмді дамыту мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес өкілдерімен өзара ынтымақтастық орнатылған", - деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағаныдыда Алтын Орданың 750 жылдығына орайластырылған шаралар шеңберінде шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференция өтіп жатқандығын хабарлаған болатынбыз. Конференци барысында Ұлытау ауданының әкімі Жошы ұлысы, яғни Алтын Орданың Қазақстанға қатыстылығы жайлы сөз қозғаған болатын. 

Сонымен қатар, Ұлытау өңіріндегі тарихи ескерткіштерді зерттеушілердің бірі, археолог Айбар Касеналин ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөліскен еді.

Өзгелердің жаңалығы