Нұр-Сұлтанда 10 маусымнан бастап балабақшаға жолдама беріледі

22 Мамыр 2019, 12:33
2430
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда 10 маусымнан бастап балабақшаға жолдама беріледі
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин балабақшаларға жолдама берудің басталуына орай өткізілген баспасөз конференциясында хабарлады.

«Қаламызда 10 маусымнан бастап балабақшаларға жолдама беру басталады. Сол уақытта жүйеге 17 мың бос орын енгізіледі – 14 мың орын мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда, сондай-ақ тағы 3 мың орын шағын-орталықтар негізінде», - деді Әнуар Жанғозин.

Бос орындарды енгізу тәртібі баланың туылған жылына байланысты жарияланады. Атап айтқанда, 10 маусымнан бастап – 2016 және 2017 жылғы балалар үшін, 14 маусымнан бастап – 2015 жылғы балалар үшін, ал 19 маусымнан бастап 2013 және 2014 жылғы балалар үшін қолжетімді болады.

«Жолдама алу барысында түсініспеушілік болмауы үшін арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Аталған жұмыстар 30 мамырдан 6 маусым аралығында апта бойы елордалық екі оқушылар сарайында жүргізіледі. Бұдан басқа, түснідірме жұмысымен танысып үлгермеген ата-аналар кез келген мемлекеттік балабақшаға барып, консультациялық көмек ала алады. Жалпы түсіндірме жұмыстарының кестесі қалалық Білім басқармасының сайтында жарияланады», - деді Жанғозин.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 375 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар, онда 50 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Ал, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 90%-ды құрады, оның 36%-ы жекеменшік балабақшалардың арқасында мүмкін болды.

Өзгелердің жаңалығы