Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің онлайн отырысы кезінде айтты.
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында білім-ғылым салаларын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берілді. Бұл тапсырмалары іске асыруды қамтамасыз ету бойынша жұмысты бастадық, - деді Аймағамбетов.Министр тапсырманың басты бағыттарына тоқталды.
- 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен 100% қамту жөніндегі міндет. 2020 жылға қарай кезең-кезеңімен іске асырылады. Бұл жұмысты жекеменшік балабақшалардың үлесін көбейту арқылы орындайды. Қазіргі кезде балабақша мемлекеттік тапсырысты алатынын аудан, қала білім бөлімдері шешсе, енді оны ата-аналардың өздері ваучерлік қаржыландыру принципімен шешетін болады. Яғни 1 баланың балабақшаға кезегі келгенде ата-анасы ваучерді алып, оны өзі қалаған балабақшаға беруге мүмкіндік алады. Бұл сәйкесінше бәсекелестік пен сапаны көтереді.
- Орта білім. Қашықтан оқыту аясында отандық нарыққа 8-ден астам білім беру платформасы енгізілді. Бірақ платформалардың функционалы мен мүмкіндіктері әр түрлі. Министрлік оқыту процесін толыққанды іске асыру үшін қажетті функционалды білім алуға мүмкіндік беретін онлайн платформаларға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірледі. Білім беру ұйымдарын оқытудың дәстүрлі форматына қайтарудың тиісті тәртібі денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп дайындалады.
Президенттің мұғалімдердің жалақысын 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25%-ға арттыру тапсырмасы бойынша тиісті қаражат бюджет жобасында толығымен қарастырылды. Ал осы қыркүйектен бастап дәптер тексергені үшін үстемақы 2 есеге, сынып жетекшілігі үшін алатын үстемақы 2 есеге артады. Сонымен қатар магистр дәрежесі бар мұғалімдер 27 мың теңге көлемінде жаңа үстемақы алатын болады, - деді Білім министрі.