1 маусымда шымкенттік балалар кәсіпкерге айналады

31 Мамыр 2019, 15:16
2151
Бөлісу:
1 маусымда шымкенттік балалар кәсіпкерге айналады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне балалар бизнес-жәрмеңкесі және жас музыканттар шеруі өтеді. Балалар жәрмеңкесі де, балалар шеруі де қаланың орталығындағы Әл-Фараби алаңында және Арбатта болады. 

1 маусымда Шымкенттегі Арбат алаңында балалар бизнес-жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұған 6-14 жас аралығындағы 90 бала қатысады. Балалар жәрмеңкеде өздері жасаған қолөнер бұйымдары мен тауарларын ұсынады әрі келушілерге сатады. Осылайша, балалар өз тауарын өзі сатып, кәсіпкерге айналады. 

Балалар бизнес-жәрмеңкесін ұйымдастыратын «Shymkent" ӘКК» АҚ-ның баспасөз хатшысы Сайра Амантаеваның айтуынша, мұндай жәрмеңкелер әлемнің 100-ден астам елінде өтеді екен. 

"Жәрмеңкеге қатысу барысында балалар көшбасшылық, шешім қабылдау, қарым-қатынас дағдылары мен жауапкершілік сияқты қасиеттерді меңгереді. Олар жрмеңкеге дайындық барысында «Shymkent» ӘКК» қолдауымен тренингтік оқудан өтті. Саудадан түскен қаржының пайызы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатта робототехника кабинетін жабдықтау жөніндегі жобаны қаржыландыруға жұмсалады",- дейді Сайра Амантаева. 

Сонымен қатар 1 маусым күні таңғы сағат 9:00-де балалар мен жастардың қатысуымен «Шабыт шеруі» атты жас музыканттардың шеруі басталады. Республика даңғылынан басталған шеру Б.Момышұлы көшесі мен Әл-Фараби алаңы арқылы Айбергенов көшесіне дейін жалғасады. Мыңдаған бала мен жастар қатысатын шеру соңы мерекелік концерттік бағдарламаға жалғасады. 

Дәстүрлі шеру 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар мен жастардың қатысуымен республика көлемінде 2017 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып келеді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру, балалар мен жастардың орындаушылық шығармашылығын қолдау мақсатында музыкалық оркестрлердің үшінші шеруі барлық өңірлерде, соның ішінде Шымкент қаласында да өз жалғасын тапқалы отыр. 

Айта кетерлігі, Балалар күніне орай 1 маусымда Шымкенттегі бірқатар көшелерді қозғалыс шектеледі. Сағат 07:30 бен 11:00 аралығында Б.Момышұлы көшесі мен Республика даңғылы қиылысынан Әл-Фараби даңғылы арқылы Айбергенов көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысына шектеу қойылады.

Өзгелердің жаңалығы