1 мамыр. Гүл. Көктем. Мереке. Әлем қалай тойлайды?
1 Мамыр, 14:14 1306

1 мамыр. Гүл. Көктем. Мереке. Әлем қалай тойлайды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі. Әлемнің түкпір-түкпірінде бұл күн қалай тойланатынына шолу жасап көрген едік. 

1 мамыр мерекесінің шығу тарихына үңілсек, ол аса қатты қуанышты жайтпен басталмаған. Олай деуімізге себеп – өткен ғасырдың ортасында Чикагода жұмысшылар еңбек шартын жақсартып, жұмыс күнін 8 сағатқа дейін қысқартуды талап етіп көшеге шығады. Бірақ тәртіп сақшылары тарапынан қатты қысым көріп, ондаған адам қатты жарақат алса, бірнеше бейбіт тұрғын қаза болады. 1886 жылғы қайғылы оқиғаның құрметіне Париж конгресі 1 мамырды Жұмысшылардың ынтымақтастық күні деп атады. Көктем мен еңбек күні ретінде бұл күнді атап өтушілер қатарына алғашқы болып Бельгия, Германия мен Франция қосылды. 

Швецияда 1 мамыр күнін 1908 жылдан бері «Ақ түймедақ күні» ретінде атап өтеді. Дәстүр бойынша мамырдың бірінші күні туберкулезге шалдыққан науқастарға үшін ақша жиналады. Табиғи антибиотиктің белгісі ретінде түймедақты ерлер қалпақтарына, әйелдер көйлектеріне қадап алады. Гүлді сатқаннан түскен қаражат өлімге алып келетін дерттен жұмысшыларды емдемуге жұмсалады. 

Финляндияда 30 сәуірден 1 мамырға қараған күн студенттер мерекесі ретінде тойланады. Жастар оқу жылының аяқталуы мен сынақтарды сәтті тапсырғандарын атап өтеді. Мерекенің символы ретінде ақ студенттік фуражканы тіпті, ересектер де жастық шақтарын еске түсіру үшін киеді. Сағат 18:00-де Хельсинкиде қоладан жасалған нимфа статуясына ақ фуражка кигізіледі. 

АҚШ-та 1 мамырда бірден үш мереке – Құқық күні, Балалардың денсаулығын сақтау күні мен Адалдық күні атап өтіледі. Алайда елде ресми демалыс жарияланбайды. Құрама штатта Еңбек күні қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде тойланады.

Италияда 1 мамыр күні адамдар көшеге шығып, саяси ұстанымдарын білдіре алады. Алайда бұрын бұл күні табиғатқа арналған салтанатты жиындар өткізілетін болған. Адамдар гүл құдайы – Флора мен құнарлылық құдайы – Майяға табынған. Тіпті ағаштар мен гүлдерді ленталармен безендіру дәстүрі  жасалған. 

Испания көптеген мемлекеттер секілді бұл күні жұмысшылардың құқығын қорғау туралы ұран айтып, көшеге шығады. Ал келесі күні – екінші мамырда Мадрид күні мерекесін атап өтеді. 

Германияда Адольф Гитлердің билігі кезінде «Ұлттық еңбек күні» үнемі саяси шерулер өткізілетін. Ал бүгінде бұл күні Берлиннің орталығына түрлі саяси партиялардың өкілдері өз наразылықтарын білдіруге шығады.  

Францияда бірінші мамыр – «Еңбек күні» мен «Інжугүл күні». Француздар осы күні бірінші мамырдың басты символы санатын ақ түсті гүл шоқтарын жақындарына сыйлайды. Бұл мереке бақыт әкеледі деп сенеді. Сол үшін де наразылыққа шығуға асықпайды, бірден гүл дүкендеріне аттанады. 

Канада 1 мамырды ресми демалыс алып, демалыс пен көңіл көтеру күні ретінде қолданады. Мемлекеттік «Еңбек күні» мерекесінен бөлек, канадалықтар этникалық мерекелері – «Сарышұнақ күнін» атап өтеді. Алғаш рет бұл мейрамды Саскачеван провинциясын мекендеген үндістер тойлаған.

Ұлыбританияда 1 мамыр – 1977 жылдан бері ресми мереке. Мәселен, Шотландияда бұл күнді Белтейн мерекесінің құрметіне тойлайды. Алаңға шығып от жағып, оның ортасынан үй жануарларын өткізеді. Адамдар өз күнәлерінен тазару үшін оттан секіретін дәстүр де болған. Жыл өте келе Эдинбургте бұл мереке ауқымды от фестивалін өткізетін болды. Оны тамашалау үшін Кэлтон шатқалына жыл сайын 12 мыңнан астам адам келеді. 

Қытайда бұл күні ресми демалыс жарияланады. Еңбек мейрамында саяси көшбасшылар халыққа арнап сөз сөйлеп, фабрика мен зауыттарда үздік жұмысшылар марапатталады. 

Гавай аралдарында 1 мамыр сайын гүлден жасалған алқа мерекесі ұйымдастырылады. Мамырдың алғашқы аптасында тұрғындар гүлден алқа тоқып, салтанатты карнавалдарға қатысуға дайындалады. 

Нидерландыда сәуірдің соңы мен мамырдың басында қызғалдақтарға аса назар аударып, фестиваль өткізеді. Ауылдарда 1 мамыр күні жас жігіттер мен қыздар жұп болып бөлініп, аттары жазылған қағазды адамдар көретін жерге іліп, өздерін жұп ретінде жариялайды. 

Грекияда бұл күні нағыз көктем мерекесі тойланады. Балалар таң ата алғашқы көктем қарлығаштарын іздеуге шығады. Тауып алған соң көшелерде шеру өткізіп, мерекелік әндерді айтады. Ал көршілер мереке құрметіне ән салған балаларға жеміс-жидек, тәттілер үлестіреді. 

Оңтүстік Кореяда 1 мамыр – Будданың туған күні. Бастапқыда діни мейрам ретінде аталып өтілгенімен, қазір Кореяның қалаларында мерекелік шерулер өтіп, ұлы ұстаздарының құрметіне би билеп, ән салады. 

Оңтүстік Африка Республикасында бірінші мамыр – ресми мереке. Бұл күні халық шығармашылығының көрмелері мен концерттер өткізіледі. Арзандатылған бағалармен халық тұтынатын тауарлар сатылатын жәрмеңкелердің көркі қызады.  


Фото: дереккөз
Загрузка...