1 айда «Еңбек» бағдарламасының қатысушыларына мыңға жуық несие берілді

7 Маусым 2019, 11:13
2674
Бөлісу:
1 айда «Еңбек» бағдарламасының қатысушыларына мыңға жуық несие берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына – 27,5 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлады қолдау қорының баспасөз қызметі. 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында - «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылады.   

1 айда «Еңбек» бағдарламасының қатысушыларына мыңға жуық несие берілді

«Қазіргі уақытта Қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап, несие беріп жатыр. Бағдарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6%-дық сыйақы мөлшерлемесі бойынша беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан аспайды. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80%-ға жуығы стартап-жобалар екенін ескерсек, Қордың қолдауымен қаншама жаңа жоба жүзеге асып жатқанын аңғару қиын емес. 

«Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 280 млрд теңгеге жуық қаржы берген екенбіз. Бұл 150 мың несие деген сөз. Негізінен бұлар шағын бизнеске берілді, яғни, жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар. Банк секторымен салыстыратын болсақ, бұл сегментте Қор көшбасшы деп айта аламыз. Мысалы, статистика бойынша екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласына 490 млрд теңге бағыттаған болса, соның тек 14,7 млрд теңгесі жеке тұлғаларға берілген. Ал, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бір жылдың ішінде 53,8 млрд теңгенің несиесін берген. Сондай-ақ, Қордың шарттары несие алушылар үшін өте қолайлы. Біздің бағдарламалар бойынша жылдық орташа сыйақы мөлшерлемесі 6%. Ал, банктерде 10-16%», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Несиелендіру департаментінің директоры Геррард Бааль.     

Шарты жеңіл тиімді несиені алушылардың саны жыл сайын артып келеді. Солардың ішінен бірқатарын нақты мысал ретінде атап өтуге болады. 

Айталық, Қызылорда облысының Ақжарма ауылында тұратын алтын алқа иегері Жеңіскүл Ізтілеуова Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы 4 млн теңге несиеге қол жеткізген. Бұл қаржыға 24 бас сиыр сатып алған. Қазір сиырларының сүтінен пайда көріп отыр. Енді мал басын одан әрі көбейтпек. 

1 айда «Еңбек» бағдарламасының қатысушыларына мыңға жуық несие берілді

Ақмола облысының тұрғыны Любовь Бугаева өз шаруашылығын дамыту үшін Қордың несиелеу бағдарламаларын бірнеше рет пайдаланған. Компаниямен бірлесе өз бизнесін жүгізу арқылы отбасын да асырап, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып келеді. 

«2018 жылы Зеренді ауданына қарасты Айдабол ауылының тұрғындарын - 24 жеке қосалқы шаруашылықты біріктіріп, «Надежда» ауылдық өндірістік кооперативін ұйымдастырдым. Сол жылы Қордан «Ынтымақ» несие бағдарламасы бойынша 8,7 млн теңгені несиеге алып, оған көлемі 1,5 мың тонна болатын сүт тасығыш көлік сатып алдым. Жаңа автокөлік сүтті зауытқа жеткізу уақытын қысқартуға, шикізаттың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Мұның алдында біздің ферма 500 литр сүт өндірсе, бүгінгі күні өндіруші кәсіпорынға 1,3 мың литр сүт тапсырамыз. Қордан алынған тағы бір несиеге үлкен танкер-салқындатқышты сатып алдық. Бағасы - 2,8 млн теңге, ал оның бір бөлігін мемлекеттен алынған субсидиямен өтейміз», - дейді Любовь Бугаева. 

1 айда «Еңбек» бағдарламасының қатысушыларына мыңға жуық несие берілді

Павлодар облысына қарасты Кемеңгер ауылының тұрғыны Қайса Ақылбеков өзінің бір техникасы аздық еткендіктен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы тағы бір жаңа жүк тиегіш техника сатып алған. 

«Бағдарлама бойынша тегін оқып, бизнес жоспар жасағанда басты мақсатым ауыл тұрғындарына көмектесе отырып, кәсіп істеу екенін көрсеттім. Қыста қар тазалауға, жазда ауылдың басқа да шаруаларына таптырмайтын 2 жүк тиегіш техникам бар қазір. Жыл он екі ай жұмыс табылып тұрады. Несие төлемін жарты жылда бір жауып отырудың өзі қаржы жинауға үлкен көмек», - дейді Қайса Ақылбеков. 

Бұлардан басқа да мыңдаған ауыл кәсіпкері Қордан несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл қаржы түскеннен бастап Қор тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне 966 несие берілді. Жалпы сомасы – 3,7 млрд теңге. 

«Ауыл тұрғындары барлық туындаған мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы, облыс орталығында орналасқан Қор филиалы қызметкерлерінен кеңес ала алады. Сонымен қатар, өз сұрақтарыңызға 8 800 080 35 05 тікелей желі телефоны арқылы жауап ала аласыздар», - дейді қолдау қорының қызметкерлері. 

     

Өзгелердің жаңалығы