#Өзіңнен баста. 30-шы мерейтойлық фильм прокатқа шығады

18 Маусым 2019, 15:03
3486
Бөлісу:
#Өзіңнен баста. 30-шы мерейтойлық фильм прокатқа шығады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған «Ойыншықтар хикаясы-4» 30-шы мерейтойлық фильм республикалық прокатқа 2019 жылдың 20 маусымында шығады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен арнайы баспасөз конференциясында белгілі болды.

Баспасөз конференциясында «Болашақ» корпоративтік қорының, «Меломан» компаниясының және BI Group құрылыс компаниясының өкілдері жоба аясында 8 жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысымен бөлісті.

«Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Чайжунусованың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін 8 жылда 3,5 4 млн доллардан астам қаржы жиналды.

«Өзіңнен баста» жобасы демеушілік көрсетіп жатқан бизнес өкілдерінің арқасында жүзеге асып отыр. Осылайша бизнестің көмегімен бүгін шетелдік киноның қазақ тіліндегі қоры қалыптасып, балаларымыз сүйікті Disney кейіпкерлерін тамашалай алады. Сонымен қатар соңғы екі жылда онлайн-кинотеатрлар мен Disney арамыздағы орнаған серіктестігіміздің арқасында дубляждалған фильмдерді кез келген уақытта көруге болады», - деді ол.

Сонымен қатар, Динара Чайжунусова 20 маусымда тұсауы кесілетін «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмінің тұсау кесеріне шақырды.

«Барлықтарыңызды «Ойыншықтар хикаясы-4» анимациялық фильмінің 20 маусымда Нұр-Сұлтанда өтетін тұсау кесеріне шақырамын. Бұл фильмнің дубляжына 50-ден астам актер қатысты. Оның басты үш саундтрегін қазақстандық әнші Данияр Өтегенов орындады. Алғаш рет фильмге арналған әзілдерді қазақстандық әзілқой Рамазан Фаилов бейімдеді. Жалпы бұл фильмде Том Хэнкс, Энни Поттс, Тим Аллен, Кристина Хандрикс, Киану Ривз сынды голливудтың шоқ жұлдыздары қазақша сөйлейтін болады», - деді Динара Чайжунусова.

Айта кетейік, бұл жолы да «Өзіңнен баста» жобасы аясында кезекті фильмінің қазақ тіліне дубляждалуына BI Group холдингі демеушілік етті.

«BI Group холдингі жаңа фильмнің қазақша дубляжына қолдау көрсетті. Бұл осымен біз қолдау көрсетіп отырған сегізінші фильм. «Аладдин», «Дамбо», «Арыстан патша» секілді шетелдің танымал фильмдері қазақ тілінде сөйлесе – мемлекеттік тіліміздің де мерейі артады. Біз алдыңғы кезекте ана тілімізді дамытатын жобаларды қолдауға тырысамыз. Соның арқасында қазақстандық балалардың сапалы киноконтентке қолжетімділігі арта түседі. Бұл жобаның маңыздылығын түсіне отырып, біз 800 млн теңге бөліп отырмыз. Атап айтсақ, 2018 жылы – 150 млн теңге, 2019 жылы – 250 млн теңге бөлінсе, ал алдағы 2020 жылы – 350 млн теңге көлемінде демеушілік көрсетеміз», - деді BI Group холдингінің құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы.

Бүгінге дейін аталған жоба аясында әлемнің 30 танымал туындысы қазақ тіліне дубляждалған. Ал, 8 жылда 250 мыңнан астам қазақстандық дубляждалған фильмдерді көрді.

Өзгелердің жаңалығы