Бас жаңалықтар
Маңғыстау өңірі еліміздің туристік картасының топ-10 тізіміне енді
12 Ақпан 2020, 13:31 194

Маңғыстау өңірі еліміздің туристік картасының топ-10 тізіміне енді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Әдетте бұл тізімге туризм саласының дамытуға мүмкіндігі жоғары аймақтар енгізіледі.

Осындай жаңалықты өңір басшысы Серікбай Трұмов тұрғындармен есептік кездесуінде айтты.

Еліміздің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Каспийдің жағасында теңіз курортының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар жасалды. Атап айтсақ, жергілікті бюджет есебінен Ақтау және Құрық порты аралығындағы теңіз жағалауының инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде электр қуаты, су, газбен қамту және Ақтау қаласынан "Алау" балаларды сауықтыру лагеріне дейінгі төрт жолақты, одан әрі Құрық паромдық кешеніне дейінгі екі жолақты жолдың құрылысын салу және қайта құрылымдау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, былтырғы көктемде Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында "Сәтті" деп аталатын кемпинг кешені ашылған болатынр. Туристік маңыздағы жобаның құны 160 млн теңге. Нысан құрылысы "Нұр-Капитал" мемлекеттік
бағдарламасымен бөлінген 30 млн теңгеге және кәсіпкердің жеке қаражатымен жүзеге асты. Кемпинг жұмысын бастағалы бері елуге тарта жұмыс орны құрылған.

2019 жылы Маңғыстау өңіріне 200 мыңнан астам саяхатшы келген. Жалпы бұл аймақта туристерге қызмет көрсететін 90 қонақүй бар. Биыл Ақтаудан жиырма шақырым жерде салынып жатқан курорттық кешен ашылады деп күтілуде. Ірі
нысан бір мезгілде мың адамды қабылдай алады.

Жылы жағажай аумағында "Aktau Resort Hotel" көпсалалы туристік қонақ үй кешенінің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30 пайызы аяқталып тұр. Құрылысына 750 адам
тартылған. Туристік нысанның бірінші кезеңін осы жылдың маусым айында аяқтау жоспарлануда, - деді Серікбай Трұмов.
Қонақүй кешені жалпы аумағы 130 гектар жерді алып жатыр. Мұнда наурыздан бастап қазан айына дейін Каспий теңізіне түсіп, құмына қыздырынуға болады. Аквапарк пен ашық бассейндер арнайы құрылғы көмегімен жылытылады. Курорттық орталық іске қосылған соң 750 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асырушылар туристік кешенде жұмыс істейтін мамандарды даярлау бағытында аймақ әкімдігімен келісімге отырған.

Өткен жыл соңында Маңғыстау туризм колледжі базасында жастарды қонақ үй бизнесі және мейрамхана ісі мамандықтары бойынша "Rixos Aktau Training Aсademy" бағдарламасымен ақысыз негізде қысқа мерзімдік оқыту басталды.

Бүгінде 400 жас бір айлық курстан өтіп, сертификаттарға ие болған. 2020 жылдың мамыр айына дейін тағы 1200-ден астам адамды оқыту жоспарда тұр.

Бұдан бөлек, былтыр "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында Ақтау қаласындағы "Самал" қонақ үйін төрт жұлдызды "Holiday INN" қонақ үй кешені брендімен қайта құрылымдау жобасы жүзеге асты. Инвестиция көлемі 2,5
млрд теңге. Жоба аясында жаңадан 35 жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта қонақ үй аумағында зәулім аквапарк бой көтеріп келеді.


Фото: автордан
Загрузка...