ҰҚШҰ штабының бастығы Орта Азияға төнуі мүмкін қауіпті атады

6 Ақпан 2019, 16:21
2954
Бөлісу:
ҰҚШҰ штабының бастығы Орта Азияға төнуі мүмкін қауіпті атады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астана - Бішкек - Ереван - Минск видеокөпірі форматында ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы Анатолий Сидоровтың «ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын құрылымдау және басқару органдарының бірлескен даярлығының қорытындысы» тақырыбындағы брифингі өтті.

Осы орайда штаб бастығы Анатолий Сидоров ұйымға мүше елдерге сырттан төнуі мүмкін қауіптерді атап, Орталық Азия туралы ойымен бөлісті.

«ҰҚШҰ-ға Орталық Азия аймағындағы мүше елдерге Ауғанстандағы әлі де басылмай тұрған қарулы қақтығыстар басым қауіп тудырып отыр. Былтыр әртүрлі бандалық құрылымдар мен ауған күштерінің арасындағы қақтығыстар артып, Талибан қозғалысы мен ДАИШ-тың белсенділігі байқалады. Бұл үрдістерді Ауғанстанның солтүстік өңірлерінен байқауға болады. Ауғанстан терроризм деңгейі бойынша әлемде екінші тұр. Ал 2018 жылы зорлық-зомбылықтың кесірінен 3 мыңға тарта бейбіт ауған халқы көз жұмған», - деді Сидоров.

Ол ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірлескен әскери оқу-жаттығуларды жүргізетінін айтты. Биыл мұндай іс-шаралар Ресей Федерациясы, Беларусь, Тәжікстан аумағында өткізілмек.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы