Құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды

23 Маусым 2019, 12:12
4481
Бөлісу:
Құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құрылыс индустриясы дамылсыз өсіп жатқан салалардың бірі.  Нарық кеңейіп, құрылыстың кез келген саласында жұмыс істейтін отандық компаниялар саны артты. Бүгінде бірі әлемдік деңгейге жетіп жатса, енді бірі алғашқы қадамын жасап жатыр. Заманауи технологиялар дәуірінде елімізбен бірге жетіліп келе жатқан BI GROUP холдингінің құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлынан - құрылыстағы жаңа технологиялар туралы айтып беруін сұраған едік.

Құрылыс процесін цифрландыру немесе біз қалай Азияның үздік ондығына ендік
Құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды

- Құрылыс индустриясы өзге салалар сияқты уақыт үнемдеуді, сапаны, ашықтықты қажет етеді. Осы орайда құрылыс индустриясын цифрландыру - шегі жоқ сұрақтарға берілетін бір жауап болып отыр. «Opera Build» деген бағдарламамыз бар. Оны өзіміздің жұмысшыларымыз жасақтап шықты, алғашында стартап ретінде бастағанбыз, өсе келе ол BI GROUP холдингінің құрылыс жүйесін түгел автоматтандырды. Ол бізге не берді?

Ескі құрылыс жүйесі бойынша, учаскеде журнал жүргізіп, «технадзорды»  сарылып күтіп, оның жасаған ескертулерін түзеткенімізді көрсетіп, дәлелдеу керек болатынбыз.   Бүгінде бұл дүниелер келмеске кеткен. Бүкіл  журналдарды, құрылыс барысына жасалған ескертулерді технадзор қолындағы гаджеттер арқылы жүргізеді және қалдырады. Учаске бастығы бұл кемшіліктерді түзетіп,  жояды. Осы платформаға өзіміздің құрылысшыларымыздан басқа субмердігерлерімізді де қостық. Қысқасы, олар бірі бірінің жұмысын электронды форматта бір уақытта көріп, кемшіліктерін жоя алады және қабылдай алады.  Субмердігерлерге, яғни серіктестерімізге жақсы жағдай жасадық.  «Авенью» жобасын пилоттық ретінде сәтті іске асырдық. Серіктестерімізден жұмысты қабылдау кезіндегі атқарылған жұмыстар АКТ-сін жасаушы едік: бірінші болып учаске бастығы, ПТО, соңында жоба жетекшісі келіп қол қоятын. Осы процестің барлығын алып тастадық. Cеріктестеріміз айдың аяғында  атқарған жұмысын дәлелдеп отырмайды, ол күнделікті қанша көлем жапқанын шынайы режимде көреді, мамандарымыз оны күнделікті растап отырады. Айдың соңында ол кеңсеге келмей-ақ, үйінде отырып,  атқарылған жұмыстар АКТ-сін жабады. Бұл жоба біздің және серіктестеріміздің жұмысын барынша жеңілдетіп, ашықтық берді, уақыт шығынын, бюракратияны қысқартты.

Opera Build бағдарламасы алғашында стартап ретінде басталған. Қазақстан бойынша үздік 10 стартаптың қатарына еніп, арнайы грант ұтып алды. Ал, Сингапурдегі халықаралық байқауда үздік 100 стартап қатарынан көрінді. Шыны керек, құрылыс барысын әлем бойынша дәл біздің деңгейде цифрландырған компаниялар саусақпен санарлықтай. Мәселен, ТМД елдерінің ішінен ресейлік «ПИК» деген құрылыс компаниясы бізбен бірдей келе жатыр.  Бұдан басқа, Chevron Corporation, ExxonMobil, Жапониядағы Toyota  зауытын үздіктер ретінде атап өтуге болады. Жаһандық тұрғыда қарайтын болсақ, құрылыс процестерін автоматтандыру бойынша BI GROUP  құрылыс материалдарының  логистикасы, қауіпсіздік техникасы, сапаны бақылау, құрылыс, жобаның алдын ала дайындығы  сынды жұмыстардың барлығын бір жүйеге біріктірді. Осылайша Азия бойынша аталған саланың үздік ондығының қатарынан табылды.

QBIT немесе сапа мен қауіпсіздік қатар жүруі шарт
Құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды

BI GROUP компаниясының QBIT стартапы бар, ол сол  Opera Build алаңының негізінде жұмыс істейді. QBIT – құрылыс алаңына шынайы режимде бейне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл құрылыстың сапасын, қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталып жатқанын бақылауға және  жұмыс барысына қажет болған жағдайда түзетулер енгізуде таптырмас құрал.

Дронды жіберу арқылы көптеген блоктың,  жобаның қазіргі кезде қандай жағдайда екенін және де кестеге сай жұмыс істеп жатырмызба, қалып кеткен жоқпыз ба соның барлығын бақылаймыз. Оның үстіне құрылысты  тек ашық алаңдарда емес, тыныс тіршілігі әбден қалыптасқан шағын аудандарда да жүргіземіз. Аулада ойнап жүрген кішкентай бүлдіршінге құрылыс алаңы қауіпті екенін түсіндіре алмаймыз.  Қымбат құрылыс материалдары жатқандықтан ұрлықта болуы мүмкін. Осындай жағдайда күзетшілерімізбен қатар QBIT – бейне бақылау және қоршауларға орнатылған арнайы сенсорлар көмекке келеді. Мысалы, нысаннан бір зат ұрланып жатса, болмаса бөгде адам қоршауды асып өтіп жатса, күзетке «учаскенің мына бір бөлігінде осындай жағдай орын алды» деген сигнал келеді.  Сонымен қатар, оқиға барысы күзетшілер үшін экранда көрсетіліп тұрады. Осылайша, құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды.

Тағы бір жайт, құрылыс барысында басты қауіп табиғаттан, құбылмалы ауа райынан төнеді. Жел, боран дегендей. Ертеректе Қазгидромедттен ауа райына қатысты хабарлама күтетінбіз. Бүгінде осы тұрғыда тәуелсізбіз деп мақтанышпен айта аламын. Бір Нұрсұлтан қаласы бойынша 5 метеостанция орнаттық.  Олар  желдің бағытын, күшін, жылдамдығын көрсетеді. Әрине желдің күші ұлғайып жатса дереу жұмысымызды тоқтатамыз.  Оның үстіне кейбір ауа райының қолайсыз жағдайларында құрылыс сапасы да төмендейді. Осылайша қауіпсіздік пен сапаны қатар алып келеміз.

Нұр-сұлтан қаласында тұрғындарға көмектесетін Ikomek платформасы бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, Ikomek-ке 2018 жылдың қорытындысы бойынша жалғыз  BI GROUP емес, елордадағы түгел құрылыс компанияларына 356 адамнан шамадан тыс шу үшіна шағым түскен. Жасыратыны жоқ, бұл соншалықты үлкен көрсеткіш емес. Сондада учаскелерімізде қатты шу шығаратын жұмыстарды шу өлшеуішпен (шумомер – BAQ.KZ) өлшеп отырамыз. Құрылғының көрсеткішіне сәйкес қай жұмыстарды қай уақытта жасау керек екенін жоба басшысымен бірге бекітіп, тұрғындарды мазаламау барысында осындай жұмыстарды атқарамыз.

«Ережеге бағынғысы келмейтіндермен қысқа қайырамыз»
Құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды

Компанияның осындай биік белестерді бағындырып, үлкен жетістікке жетуі жұмысшыларымыздың ерең еңбегінің нәтижесі.  Сондықтанда олардың қауіпсіздігіне қатты мән береміз. Дәл қазір электронды шлемдерді жасақтап жатырмыз, әлі қолданысқа енгізген жоқпыз. Алайда ол жұмысшыларымыздың қайсысының құрылыс алаңының қай жерінде жүргенін білуге мүмкіндік береді. Болашақта қызыл алаң (құрылыс жүріп жатқан аймақ – BAQ.KZ) мен жасыл алаңда (кеңсе – BAQ.KZ) қанша адамның жүргенін бақылап, шынайы уақытта есеп бере аламыз.

Жол құрылыс компанияларымыз да бар. Тас жол мен темір жолды қоса есептегенде, Қазақстандағы жол маркетінің 25% біз саламыз. Сондықтанда техникаларымызға арнайы сенсорлар орнаттық. Белгі салушылар мен жұмысшылар бірге жүреді. Солардың бірі техникаға 10 метрге жақындағанда оның сенсорға ойнап, жедел жәрдемдегідей сигнал бере бастайды. Осы ретте, жұмысшы жан жағынан қарап, техниканың астында қалып қаймаудың амалын жасайды. Тіпті, ол құлақ қаппен жүріп сол дыбысты естімей қалып жатса, оның қолындағы сағатында вибрация ойнап, белгі береді. Сонымен қатар, біздің жүк тасымалдаушыларымыз бар, оларға да бейне бақылау қойып ұйқысы келгенде, көзін жұму жиілігі төмендесе, яғни көзінің қарасы өзгеріп, ұйқысұрап бара жатса, көлігіндегі сенсоры ойнап, оятатындай жағдай жасадық. Tengizchevroil компаниясымен жұмыс істегенде жүргізушілерге құлаққап бердік, одан жүргізушінің мойны қисая бастағанда вибрация береді. Сол арқылы жүргізуші жолда ұйықтап қалмайды. Chevron-мен жұмыс істегенде де үлкен тәжірибе жинадық.  Америкалықтар бізге өз талаптарын қойды. Осы талаптарды сақтай отырып, біз өзіміздің жаңалығымызды енгізуге тырыстық. Жүргізушілердің барлығын GPS-қа қостық, олар жылдамдықты арттырса, құлаққапты шешіп тастаса кеңсеге бірден сигнал келетіндей етіп жасадық. Шыны керек, осы ережеге бағынғысы келмейтін жүгенсіз жұмысшыларға талаптарымызды түсіндіріп әуре болмаймыз. Қысқа қайырамыз. Екі рет қауіпсіздік ережесін бұзған адам үшіншісінде автоматты түрде жұмыстан шығарылады.

«Біз бақыт мекенін саламыз»
Құрылыс алаңына бала түгілі ит-мысық та кіре алмайды

Бұл біздің ұранымыз және осыған әрқашан сай болуға тырысамыз. Құрылыс барысында басты рөлді құрылыс материалдары атқарады. Қазақстанда бекітілген құрылыс нормалары мен ережесі (ҚНжЕ) бар, біз оларға қарсы  келе алмаймыз. Қанша жақтан керемет құрылыс материалын немесе  технологияны ойлап тапсақта, сол ҚНжЕ талаптарын бұзбай, құрылыс жүргіземіз. Мәселен, кей жобада тапсырыс берушінің қойған мерзіміне сәйкес  жылдам қататын М400 маркалы цемент-бетонды балама ретінде қолданамыз. Ол бетон құйған күннің ертесіне қалыпты  (опалубка – BAQ.KZ) алып, екінші қабатты салуды бастауға мүмкіндік береді.  Алайда бұл сапа төмендейді дегенді білдірмейді. Ол ҚНжЕ сияқты басқа дүниелерге әсер етпейді. Жылдам қататын бетонды ҚНжЕ-де көрсетілген технология бойынша қолдануға рұқсат берілген. 

Сонымен қатар, Қазақстанның құрылыс саласына  жаңа технология әкеліп жатсақ, оны Құрылыс істері бойынша комитеті мақұлдауы керек. Олар құрылыс материалымызды зертханаларында немесе сынақ алаңында сынақтан өткізіп, ҚНжЕ талаптарына сай келген жағдайда «Қазақстанда қолдануға рұқсат» деген арнайы қағаз береді. Солармен тығыз байланысты жұмыс жасаймыз. Жаңа технологияны   шамамен 3-4 апта арасында қолданысқа енгізе аламыз.

Құрылыс процесін  және индустриясын жетілдіруде өзіміз шығарған стартап технологияларға, әдіс тәсілдерге басымдық береміз. Кәсіби тұрғыда жетістігімізді шыңдау үшін шетелдік компаниялармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жиі жүргіземіз. АҚШ-қа,  Сингапурге барамыз. Бүгінде Enterprise Singapore компаниясымен жақсы қарым-қатынастамыз. Сингапурда құрылыс саласында жаңа технологиялар енгізіліп жатса, жаңа шешімдер пайда болса  олардан сатып аламыз. Бұл уақытымызды үнемдеуге мүмкіндік береді және оны одан ары жетілдіруге тырысамыз. Бұл әрі арзан, әрі тиімді. 


Өзгелердің жаңалығы