Құрбандық шалуда қандай ережелерді сақтау қажет

8 Тамыз 2019, 05:56
2860
Бөлісу:
Құрбандық шалуда қандай ережелерді сақтау қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Құрбан айт кезінде құрбандық шалудың ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Құрбандық шалу кезінде бекітілген ережелерді сақтаған жөн. Бізде өз тарапымыздан бар мүмкіндікті жасаудамыз. 5 тамыздан бастап құрбандық малын соятын қасапшыларды арнайы семинар ұйымдастырып, оқытудамыз. Онда қасапшыларды  мал союда шариғат ережелері мен санитарлық –эпидемиолигиялық ережені сақтау керектігі жөнінде айтылды. Оқыту семинары 11 тамызға дейін жалғасады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасының Діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындармен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділет Төлеутаев.

Оның айтуынша, қала бойынша 7 құрбандық шалу орны бар. Және бүгінде олардың дайындық жұмыстарына тексеру жүргізілді.

«Елордадағы құрбандық шалу орындары бүгінде дайын және онда арнайы кезекшілік ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, қалалық әкімдік пен Әзірет Сұлтан мешіті бірлесіп қала бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға құрбандық етін тегін тарату шарасын қолға алудамыз. Бүгінде қалалық мешіттерде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі жасақталып жатыр», - деді ол.

 Одан бөлек, Құрбан айт кезінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени-спорттық  шаралар ұйымдастырылатыны айтылды.

Құрбандыққа шалуға болатын малдар: Қой, ешкі, сиыр және түйе. Оның ішінде қой мен ешкі бір жасар болуы керек, сиыр екі жасар және түйе бес жасар болуы қажет.

Құрбандыққа шалғанда малдың басын құбылаға қаратып, өткір пышақты пайдалану керек.

Сондай-ақ, бірнеше адам бірігіп құрбандық шалуға болады. Оның ережесіне сәйкес, қой немесе ешкіні бір адам немесе бір отбасы бірігіп шала алады. Сиырды да бір адам, бір отбасы немесе 7 адам яки 7 отбасы бірігіп шала алады. Түйені бір адам, бір отбасы, 7 адам бірігіп немесе 7 отбасы бірлесіп шалуға болады.

Құрбандыққа шалынатын малдың еті үшке бөлінеді. Бірінші бөлігі ағайын-туыс пен көршілерге, екінші бөлігі кедей және мұқтаж жандарға, үшінші бөлік өзінің отбасына беріледі.

Айта кетсек, бұған дейін елордадағы құрбандық шалатын орындардың белгіленгені туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Өзгелердің жаңалығы