Төтенше жағдай кезінде павлодарлық кәсіби спортшылар жаттығуларын үзбейді

19 Наурыз 2020, 15:41
1924
Бөлісу:
Төтенше жағдай кезінде павлодарлық кәсіби спортшылар жаттығуларын үзбейді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Әлем елдеріне қауіп төндірген коронавирустық инфекция көптеген спортшының жоспарларына өзгертулер енгізді. Бүгінде Ертіс өңірінде спорттық жаттығулар уақытша тоқтатылғанмен, кәсіби бокшылар жеке кестелері бойынша дайындалып жатыр.

Төтенше жағдайға қарамастан, жеке дайындыққа көшкен спортшылардың қатарында павлодарлық боксшы жігіттер баршылық. Олардың қатарында Токио олимпиадасына жолдама ұтып алған былғары қолғап шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Серік Теміржанов бар. Дарынды спортшы жуырда Иорданияда өткен турнирге қатысып, қола жүлдеге ие болған.

Коронавирустың кесірінен дайындықтарымызды өзгертуге тура келді. Бірақ, жаттығуларды үзуге болмайды. Жуырда бапкерім Азамат Мақажановпен Иорданиядан келдік. Қарсыластарым мықты болып шықты. Бірінші орын тұғырынан көрінгім келген. Бірақ, үшінші орынға ие болдым. Оған да тәубе. Енді Токиода жарыста шеберлегімді көрсетемін. Қазақстанның намысын абыроймен қорғауым керек. қазіргі уақытта Павлодардағы бокс орталығында дайындалып жатырмыз. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысамын, - дейді Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Серік Теміржанова.

Павлодар бокс федерациясының атқарушы директоры Азамат Мақажановтың айтуынша, қазіргі уақытта бокс орталығының жұмыс кестесі қысқартылды. Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін сақтық шаралары күшейтілді. Дизенфекциялық жұмыстар жиі жүргізіледі.

Сала мамандарының мәліметінше, бүгінде облыстағы 22 балалар мен жасөспірімдер мектебі уақытша абылып, жаттығулар тоқтатылды. Бұл мектептердегі спортшы оқушылар саны 23 мыңнан асады. 

Сонымен қатар, 18 чемпионатты өткізу мерзімі наурыз айының соңына шегерілді. Сонымен қатар, жергілікті спортшылар 38 республикалық жарысқа бармайтын болды.

Өзгелердің жаңалығы