«Қоғамдық бақылау картасы» жамбылдықтардың мәселесін шешуде

15 Маусым 2019, 16:03
2484
Бөлісу:
«Қоғамдық бақылау картасы» жамбылдықтардың мәселесін шешуде
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында іске қосылған «Қоғамдық бақылау картасы» тиімді жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта арнайы телефон, сall-centre нөмірлері құрылып, Facebook, Вконтакте, Instagram әлеуметтік желілерінде, WhatsApp мессенджерінде парақшалары ашылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев жоба қоғамда құқық бұзушылықты бірлесе жоюға шақырып, сыбайлас жемқорлықтың барлық түріне мүлде төзбеу қағидатын қалыптастыруды мақсат ететінін айтады.

«Сонымен қатар, жоба аясында тұрғындар өздерін мазалап жүрген әртүрлі қоғамдық мәселелерді құзырлы мекемелер мен органдарға жеткізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы заң талаптары бойынша кеңестер алу мүмкіндігіне ие», - дейді ол.

Нұрлан Тәңірбердіұлының сөзіне қарағанда, тұрғындардан департаментке әртүрлі мазмұндағы хабарламалар келіп түсуде. Мысалы: кәріз люктарының болмауы, сапасыз жол қозғалысын шектейтін кедергілер, ауыз су, жарық мәселелері, тұрғын үй, жер телімін алу мәселелері, заң талаптарын түсіндіру.

«Түскен хабарламалар бойынша тиісті құзырлы мемлекеттік органдар мен мекемелерге хаттар жолданып, мәселенің оңтайлы шешілуіне өз құзіреті шеңберінде ықпал етуде. Хабарламаларда көрсетілген мәселелердің шешілуі бойынша тұрғындарға жауаптар беріледі. Мысалға, Қордай ауылының тұрғыны Н.Чурадан өз үйінің қақпасына тым жақын маңнан тротуар жүргізілетініне келіспейді. Ол бойынша аудан әкімдігіне хат жолданды. Нәтижесінде тротуар салу нормативтері жіті зерделеніп, тұрғынның өтініші қанағаттандырылды», - деді департамент өкілі.

Жоба аясында азаматтардың таңдау құқығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша да хабарламалар түсіп тұрады екен. Мәселен, жыл басында Тараз қаласының тұрғыны А.Тұрсынбаева өзінің қалауынсыз өзге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымына бекітіліп кеткеніне наразылық білдірген. Осы хабарлама негізінде Тараз қалалық No5 емханадан «Аlmas Medical Group» ЖШС-на тұрғындарды ауыстыру жұмыстарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Содан соң Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына қайта бекіту кезіндегі тұрғындардың құқығы, оларды толық ақпараттындыру туралы ұсыныс берілген. Ал А.Тұрсынбаева өзіне бұрын алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп келген ұйымға қайта тіркелді.

«Тараз қаласы үйлерінің бірінің тұрғындары үй жөндеумен айналысуға бекітілген «Ас Әбдіғапар Строй» ЖШС қызметінен бас тартатыны туралы хабарлады. Бұл мәселе бойынша қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірлесе, үй тұрғындарымен жиналыс өткізіліп, үй жөндейтін компанияны таңдау құқықтары түсіндірілді. Тұрғындар дауыс беру арқылы басқа мердігер компанияны таңдады», - деді Н.Еркебаев.

Жауапты маман, сондай-ақ, жарық, жол, жерге кезек сынды мәселелер бойынша да тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолданып, олардың оңтайлы шешілуіне ықпал етіліп, хабарлама иелеріне заңнама талаптары жөнінде түсіндірмелер беріліп отыратынын да айтты.

«Біз Жамбыл облысы тұрғындарын «Қоғамдық бақылау картасы» жобасына интернет желілері, 8 747 149 25 25 WhatsApp нөмірі, 43-88-19 Call-centre нөмірі арқылы белсенді атсалысуға шықырамыз», - дейді департамент басшысының орынбасары.



Өзгелердің жаңалығы