Жеңіс-75: Мектептерде соғыс тарихынан сыр шертетін музей болуы керек – іздеушілер

21 Ақпан 2020, 13:04
2350
Бөлісу:
Жеңіс-75: Мектептерде соғыс тарихынан сыр шертетін музей болуы керек – іздеушілер
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі "Панфиловшылар" іздеу жасағының мүшелері Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында кешенді жоспар әзірлеп, жүзеге асыруға кірісті.

"Панфиловшылар" отряды осыдан төрт жыл бұрын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қолдауымен құрылды. Сол сәттен бері белсенді азаматтар сұрапыл соғыс жылдарында майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер туралы мәлімет іздеумен айналысып келеді. Іздеу жасағына алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бақытжан Өтепов жетекшілік етеді. Бастапқыда отрядтың активінде сегіз студент болса, бүгінде белсенділердің қатары оннан асқан.

Біздің жасақ Панфилов дивизиясының ерлігіне 75 жыл толуына орай құрылды. Жұмысымызды адал атқара отырып, И.Панфилов атындағы №8 гвардиялық атқыштар  дивизиясының ерлігін жұртқа таныстыруды мақсат етеміз. Бабалар ерлігін бірінші кезекте жас ұрпақ білуі тиіс. Алғашқы іздеу шарамызды бес жыл бұрын атқардық. Жасақ мүшелері Ресейдің Псков облысына барып, қазақ жерінде құрылған екі дивизиясының азаматтары қаза болған жерге бардық. Бұл – 316-шы және 100-ші атқыштар дивизиялары. Біз қазба жұмыстарын жүргізіп, соғыстың жаңғырығындай көрінген жәдігерлерді таптық. Араға бір жыл салып, Мәскеу облысына қарасты Волоколамск қаласындағы "Панфиловский" жасағынан шақырту алдық. Сол жерге аттандық. Қанды шайқас жерінде қазба жұмыстарын жүргізіп, жәдігерлерді тауып алдық, - дейді Бақытжан Өтепов.
2102 (4).jpg

Бүгінде майдан даласынан табылған құнды жәдігерлер облыс орталығындағы №14 мектептің мұражайында сақтаулы.

Біздің музей Жеңістің 70 жылдығына орай ашылды. Салтанатты тұсаукесер шарасына Кеңес Одағының батыры Иван Панфиловтың ұрпақтары Әлия және Айгүл Байқадамовалар арнайы келіп, қуанышымызға ортақтасты. Қазіргі таңда Павлодарда 40-тан астам мектеп бар. Ал соғыс тарихына арналған небары бір музей бар. Менің ойымша, оқушыларды ата-баба рухында тәрбиелеу үшін музейлер көптеп ашылу керек. Балалар жәдігерлерді көзбен көріп, қолмен ұстап көргенге не жетсін, - дейді Бақытжан Өтепов.
Биылғы жылы "Панфиловшылар" ірі шараларға қатысуды жоспарлап отыр. Жасақ "Біз – Жеңіс ұрпақтарымыз!" ұранымен өтетін шараның ұйымдастырылуына атсалысады. Ақпан айының басында өңірге аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясы іскери байрағының көшірмесі әкелінеді. Отряд, сонымен қатар, Ржев түбінде өтетін халықаралық еске алу вахтасына қатысады. Отрядтың 10 мүшесі Ресейге экспедицияға аттанады деп жоспарлануда. Еске салсақ, Ржев шайқасында жаумен соғысқандардың қатарында Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ші атқыштар бригадаларының азаматтары да болды. Осы жерде 400 мыңға жуық кеңес жауынгері ерлікпен қазақ тапты деген тарихи мәлімет бар.

Кешенді жоспар аясында отряд мүшелері соғыс жылдары 35 эвакуациялық госпиталь шоғырланған Омбы қаласына бармақ. Омбы жерінде 10 әскери қорым бар. Соғыс кезінде Омбыға жарақат алған 160 мың солдат әкелінген. "Панфиловшылар" ресейлік әріптестерімен бірге хабарсыз қалған сарбаздардың тізімін әзірлемек. Себебі, көбі белгісіз қалған.

Айта кетейік, Павлодар облысы елімізде іздестіру қозғалысының орталығы саналады. Осыдан екі жыл бұрын өңірде ТМД және Балтия елдері іздестіру отрядтарының алғашқы халықаралық форумы өтті. Ауқымды шараға Украина, Ресей, Литва, Беларусь елдерінің жасақтары келіп, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеумен айналысатын білікті ғалымдар бас қосты. Облыста 20 жылдық тарихы бар "Майдан жолы" жасағы жұмыс істейді. Отряд мүшелері соңғы екі жылдың ішінде 500-ге жуық жауынгердің жатқан жерін тапқан.

Өзгелердің жаңалығы