Оқушы 6 жасар інісінің еміне маникюр жасап, ақша тауып жүр

11 Ақпан 2020, 15:27
3133
Бөлісу:
Оқушы 6 жасар інісінің еміне  маникюр жасап, ақша тауып жүр
PHOTO

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. 6 жасар інісінің еміне маникюр жасау арқылы ақша жинаймын деп тынымсыз еңбек етіп жүрген екібастұздық жасөспірім елге танылды.

12 жасар баланың қабілет-қарыбын жұртшылық бағалап, көмек қолын созып жатыр.

6-сынып оқушысы Арулат Мұхаметқали жарымжан інісі Бекарысты аяққа тұрғызғысы келеді. Ұл бала үш жасында терезеден құлап, мүгедек болып қалған. Бүгінде баланы емдеуге қырғызстандық дәрігер қолдау көрсетіп жатыр. Шетелге баруға отбасы үшін ақша жинау қиынға соғады.

Арулат1.PNG

Бекарыстың дені сау болып өскенін қалаймын. Ел қатарлы мектепке барып, балаша ойнаса деймін. Оны аяққа тұрғызу үшін маникюр жасаумен айналысқым келді. Оған қоса бұл іске өзім қызығып жүретінмін, - дейді Арулат Мұхаметқали.

Арулаттың анасы Сәния Рахимова ұлы манкиюрмен айналысқысы келетінін айтқанда бұған күмәнмен қарағанын жасырмады. Уақыт өте келе ұмытылып кетеді деп ойлаған. Дегенмен, баласы діттеген мақсатына жеткен.

Маникюр жасау үшін алдымен курстарға жазылды. Бастауыш шебер атанып, сертификатқа ие болды. Кейін біз 200 мың теңгенің несиесін алып, керек заттарын сатып алып бердік. Енді жұмысын жасап жатыр. Әзірге еңбегін 1500 теңгеге бағалайды. Клиенттердің көңілінен шығып жатыр. Бекарысты емдесек болғаны, - дейді анасы.
Арулат әлеуметтік желілерде танылған. Оған қоса оқушының ұл балаға тән емес хоббимен шұғылданғаны жұртшылықты елең еткізді. Оның мақсаты айқын екенін түсініп, бейжай қалдырмапты. Соңғы екі күннің ішінде 2 млн теңгеге жуық қаржы жиналып қалыпты.

Арулат.PNG

Өзім бес баланың анасымын. Ешқашан ешкімнен қол созып көмек сұрап көрмеппіз. Сондықтан, бөтен адамдардан көмек келеді деп күтпеген де едік. Екі күннің ішінде Бекарысты бес емдек курсынан өткізуге жететіндей ақша түсті. Бір курстың бағасы - шамамен 250 мың теңге, - дейді Сәния Рахимова.
Арулат3.PNG

Арулат Мұхаметқали болашақта әлем таныған тырнақ шебері атанғысы келеді.

Өзгелердің жаңалығы