«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді

22 Наурыз 2019, 09:42
3175
Бөлісу:
«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжардың орталық алаңында Наурыз мерекесіне орай жеті ақшаңқан киіз үй тігілді. Олардың әрқайсысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына негізделді.

«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді

Әр киіз үйде ұйымдастырылған көрме Елбасы мақаласындағы бір бағытты қамтыды. Мәселен, «Атқа міну мәдениеті» шаңырағында жабайы жылқының алғаш рет қолға үйретілген жері – «Ботай» қонысының макетінен бастап, ат әбзелдеріне дейін көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені тамашалауға келген жұртшылық ұзын-сонар кезекке тұрды. Әр шаңырақта келген меймандарға наурыз көже мен бауырсақ сынды түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе «Алтын адам» киіз үйіне қызығушылар көп болды.

«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді

«Қалалық мәслихат, қалалық архив және Ғ.Мүсірепов атындағы балалар кітапханасы бірігіп, бір үй тікті. Біз мұнда 3D форматта деректі фильм көрсетіп жатырмыз. Балалармен «Қазақстан тарихы» тақырыбында викториналық ойындар өткіземіз», - дейді кітапхана әдіскері Екатерина Старостина.


«Аң стилі» көрмесін тамашалауға келгендерді ағаш шеберлері қызықтырды. Олар көпшіліктің алдында ағаштан түрлі бұйымдар жасап көрсетті. Түрлі металлдар мен ағаштан жасалған бұйымдардан аң стилінің ерекшелігін байқауға болады.

«Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Жыл сайын мерекелік шараларды көруге орталық алаңға келемін. Биыл бәрі ерекше, өте жақсы ұйымдастырылған. Қуанып тұрмын. Жылдан-жылға Наурыз мерекесінің бағдарламасы түрлі қызықпен толықтырылып жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - дейді сексеннің сеңгіріне жақындаған қария Сейіт Нұрахметов.

«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді

«Қош келдің, мерейлі Наурыз!» атты қойылым мерекелік бағдарламаның бастауы болды. Одан кейінгі шаралар тізбегін күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер жалғады. Жұртшылық би билеп, мәз-мейрам болысты. Қызылжардың орталық алаңына жиналған жұртшылықты облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

«Құрметті солтүстікқазақстандықтар, жерлестер, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бұл күн береке мен бірліктің, байлық пен молшылықтың бастауы. Бүгін тек облыс орталығында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде той болып жатыр. Осындай жаймашуақ күндеріміз таусылмасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», - деді ол.

«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді

Қанатпен жүрушілердің экстремалды шоуы – көпшілік қызығушылығын тудырды. Керілген арқанның бойымен қозғалған жігіттер көрерменнің ықыласына ие болды. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, асық ату, жілік сындыру сынды ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Жылдағы дәстүрге сай, қой көтеруден де жарыс ұйымдастырылды. Бұл сайыста 50 келілік тоқтыны 170 рет көтерген Әлібек Ғосманов алдына жан салмады.

«Ұлы даланың жеті қыры»: Қызылжарда жеті киіз үй тігілді

«Мен өткен жылы да осы сайысқа қатысқан едім. Қойды 150 рет көтердім. Басқа жігіт менен басым түсті. Бүгін айым оңымнан туды. Өзім спортшы болғандықтан, үнемі жаттығамын. Соның пайдасы тиді. Бүгін үйге олжалы болып кетіп барам», - дейді ол.

Бұл күні Петропавлда Наурыз мерекесі қаланың әр ауданында тойланды. Көктем мейрамы қаланың 300 ауласында аталып өтпек.

Өзгелердің жаңалығы