ШҚО мешіттері карантинді аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтпек

26 Наурыз 2020, 18:11
1299
Бөлісу:
ШҚО мешіттері карантинді аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтпек

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендегі "Халифа Алтай" мешіті елімізде алғашқылардың бірі болып карантинді аймақтарға жөнелтетін гуманитарлық көмек жүгін жинады.

Зекет қорының бастамасымен қолға алынған "Жүрек жылуы" қайырымдылық керуені акциясы аясында жиналған бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік түрлерінен жинақталған гуманитарлық қораптар Нұр-Сұлтан қаласының 600 отбасына көмек ретінде жолданбақ.

Аталмыш азық-түлік себеті бір отбасын 14 күн карантин мерзімінде толықтай қамтамасыз ете алады. Біз барлық қораптарды таза, стирелденген күйінде жауып, жолай түрлі микробтар түспеуі үшін мұқият қаптаймыз. Мешітімізден шыққан қораптар бірден тұтынушының пәтеріне тікелей жеткізіледі. Акция осымен тоқтап қалмайды. Әрі қарай да жалғасын табатын болады. Біздің басты мақсатымыз – жасы үлкен адамдардың амандығын қамтамасыз ету, - деді облыстық "Халифа Алтай" мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

Қоса кетсек, гуманитарлық қораптарға жарма, қант, тұз, ұн және күнбағыс майы сияқты бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік түрлері мен Шығыс Қазақстан аумағындағы мешітердің ерікті жамағаты тіккен қорғаныш масқалары да салынған.



Өзгелердің жаңалығы