Өңірлік туризмді дамыту жобаларына тек отандық инвесторлар қатысады

21 Маусым 2019, 15:18
1603
Бөлісу:
Өңірлік туризмді дамыту жобаларына тек отандық инвесторлар қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде облыста туристерге арналған пасионат, қонақүйлерде жалпы саны 10200-ден астам адамды жайғастыруға арналған орын бар. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

«Бұл көрсеткіш жағынан өңір Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облысынан кейінгі орында тұр», - дейді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.

Басқарма басшысының айтуынша, облысқа келген шетелдік туристердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 25% артқан. Дегенмен басқарма басты назарды ішкі туризмді дамытуға аударып отыр.

«Шетелдік туристер де маңызды әрине. Дегенмен қазір еліміздегі туристерді шығысқа тартуға көңіл бөлініп отыр. Осы мақсата арнайы турлар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Мысалы жуықта Батыс Қазақстан өңірінің туристік фирмаларын өңірге шақырып, демалыс орындарымыз бен қасиетті жерлерімізді аралаттық. Олардың тарапынан бірқатар ұсыныстар да түсіп жатыр. Сондай-ақ, өңіріміздің мақтан тұтар Абайы, Шәкәрімі, Мұхтары бар. «Әдеби шығыс» туры да еліміздің жас жеткіншектерін сол тұлғалардың өмірімен, туып -өскен өлкесімен жақынырақ таныстыруға арналған.Бұл ішкі туризмді дамытуға бағытталып отырған істің бір парасы ғана», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Марат Қабақовтың айтуынша, Алакөлден бөлек, облысымыздың Қоңыр әулие үңгірі, Ырғызбай кесенесі сынды қасиетті жерлеріне турист тарту мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Мәселен өткен жылы Ырғызбай кесенесінің аумағын абаттандыруға 50 миллион теңге қаржы бөлінсе, Қоңыр әулие үңгірінің ішін жөндеуге 25 миллион теңге жұмсалған. Бүгінде отандық инвестор үңгір жанынан 25 орындық қонақүй салуды қолға алды.

Басқарма басшысы, сондай-ақ, өңірлік туризмді дамытуға арналған жобаларға тек отандық инвесторлардың қатысатындығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы