Өңіраралық форумға дайындық қалай жүруде?

12 Шілде 2020, 09:25
1595
Бөлісу:
Өңіраралық форумға дайындық қалай жүруде?

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Биыл күзде Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы қарсаңында бірқатар маңызды нысан бой көтеруде.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығына жасаған жұмыс сапары барысында тұрғын үйлер, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта "Сарыарқа" шағын ауданы ауқымды құрылыс алаңына айналған. Форум нысандарынан бөлек 38,6 га аумақта көппәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі Ержан Шәкіржановтың айтуынша, 350 млн теңгеге бағаланған 60 пәтерлік үш үйдің құрылыс жобасы түзету енгізуді қажет етеді.

Жобаларды түзетуге қанша уақыт қажет? Жобалармен дұрыс жұмыс жүргізбегенсіздер. Осыдан проблема басталады. Биыл салынып жатқан тұрғын үйлердің қаншасы пайдалануға беріледі, қаншасы келер жылға қалады? Осының нақты есебін білуіміз керек, - деді өңір басшысы. 
Тұрғын үй құрылысымен қатар бұл аумақта инженерлік желілер тартылуда.
Біздің компания осы учаскедегі магистральды инженерлік желілер құрылысына жауапты. Диаметрі 800 мм 5,6 шақырым жылу трассасының 4 шақырымы тартылды. Материалдар жеткілікті, бригада штаттық режимде жұмыс істеуде. Нысан жылу беру маусымына дейін уақытында тапсырылады, - дейді "АП Импэкс" ЖШС жетекшісі Жұмабай Әміржанов.
Бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба болып табылады. "Сарыарқа" шағын ауданындағы тұрғын үй массивтерінің біразы жылуға уақытша кесте бойынша ғана қосылған. Алдағы жылу маусымында "Көктем" шағын ауданының тұрғын үйлері, салынып жатқан "Болашақ" сарайы мен "Сарыарқа" шағын ауданындағы құрылыс нысандары жаңа кесте бойынша қосылады. РК-1 үшін Ресейде өндірілген қуаттылығы 100 Гкал жаңа қазандық орнату мәселесі сөз болды. Әкім мұның тиімді тұстарын жан-жақты зерттеу қажеттігін алға тартты.
Бізге қайсысы тиімді? Газбен жылытылатын қазандық экология үшін пайалы болғанымен, оны сақтайтын орын керек. Ал мазут бағасы көмірмен салыстырғанда үш есе қымбат. Дегенмен қала үздіксіз өсу үстінде, жылу көп мөлшерде жұмсалатындықтан, инженерлік желілерді жаңарту қажет, - деді әкім.
Жылуға жүктемені азайту үшін биыл магистральды жылу құбырлары жаңартылады. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта 50 % жуық учаске жөнделген, 6 бригада жұмыс істеуде.

Форумға арнап салынып жатқан "Болашақ" сарайы 14 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Құрылыс жобасы жетекшісінің орынбасары Руслан Тоқпанбаевтың айтуынша, жұмыс кестеге сай жүруде. "А" блогында ішкі әрлеу жұмыстары басталған. "Б" блогы бойынша жүзу бассейнінің қажетті материалдары дайындалуда.

Санаулы айлар ғана қалғандықтан, құрылыс қарқынын жылдамдату қажет. Қазан айында құрал-жабдықтар орнатылады. Мәселе тек форумға тіреліп отырған жоқ. Бұл маңызды нысанды бүкіл облыс халқы күтіп отыр. Егер жұмыс қолы жетіспесе, басқа нысандардағы құрылысшыларды тартыңыздар, - деді облыс басшысы.

Жеке инвесторлар "Болашақ" сарайының маңайында екі банкет залы, іскерлік келіссөздер жүргізу бөлмелері бар ірі мейрамханалық кешен құрылысын аяқтаған. Мейрамхана форум қарсаңында ашылады деп күтілуде. Енді осы аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілмекші. Форум аясында Қан орталығынан ескі әуежайға дейінгі Қопа көлінің жағалауы абаттандырылады. Амфитеатр, спорттық алаңдар, демалушылар үшін басқа нысандар салынуда. Сондай-ақ айналма жол құрылысы да қолға алынып отыр.

Қазірдің өзінде болашақ амфитеатр, спорттық және ойын алаңдарының сұлбасы көрініп, жолдар пайда болды. Мердігерлердің айтуынша, қазіргі күні негізгі жұмыстадың 75% орындалған. Алда әрлеу, абаттандыру, спорттық құралдар, орындықтар орнату, жарықтандыру жұмыстары тұр.

Жағалау маңындағы әрлеу жұмыстары кезінде әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беру керекпіз. Әрлеу материалдарының түстері үйлесім табуы тиіс. Ең бастысы, қала халқына көп жылдар қызмет етуі үшін пайдаланылатын материалдардың сапасына көбірек көңіл бөліңіздер, - деді өңір басшысы.


Өзгелердің жаңалығы