«Қазпошта» цифрлық жобаларды дамытуда

19 Наурыз 2019, 13:29
1964
Бөлісу:
«Қазпошта» цифрлық жобаларды дамытуда

Астана, BAQ.KZ. Өткен жылы компанияның қол жеткізген маңызды жетістіктерінің ішінде - франчайзингтік бөлімшелер желісін, цифрлық кеңселерді, онлайн қызметтерді дамытуы және дрондармен жеткізілетін мерзімді басылымдардың көлемін өсіру болды.

2019 жылға «Қорғас» ШЫХО-дағы кеден қоймасын ашу, Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға пошталық жөнелтілімдердің транзитін, электрондық коммерция мен франчайзингтік желіні, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту сияқты басты мақсаттар белгіленді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ баспасөз конференциясында «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов хабарлады.

2018 жылы «Қазпошта» АҚ 54 млрд 500 млн теңге табыс алды. 2017 жылмен салыстырғанда, кірістеріміз 11%-ға өсті. Таза пайда - 272 млн теңгені құрады. Ұлттық пошта операторы клиенттерге 18 миллион 500 мың сәлемдеме жеткізді, олардың 4,7 миллионы ішкі нарыққа келеді. Өткен жылдың маусымында серіктестік желісін іске қосқан пошта операторы бүгінгі күні 200 сауда нүктелерін ашқан. 160 франчайзинг кәсіпкерлерін серіктестікке тартты.

«Қазпошта» цифрлық жобаларды дамытуда

«Жөнелтілімдерді тез арада өңдеп, оларды жеткізу уақытын барынша қысқарту үшін, сондай-ақ мүмкіндігінше ыңғайлы қадағалауды жүзеге асыру үшін, біз жақында жаңа есепке алу пошта жүйесін іске қостық», - деді Басқарма төрағасы Сәкен Сарсенов.

Оның айтуынша, ол интернет-дүкендермен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді, себебі ол кез келген жүйелік интеграция мен деректер алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Барлық процестерді оңтайландыру нәтижесінде, сәлемдемелерді жеткізу уақыты айтарлықтай төмендейді. Мысалы, Қазақстан бойынша ол 4 күнге дейін қысқартылады.

Сондай-ақ, 2018 жылы «Қазпошта» АҚ post.kz онлайн-қызметтерінің гипермаркетін дамытуға жеке назар аударды. Порталдағы жеке тұлғалар үшін ПИК, балабақшалар, көлік және әлеуметтік карталар немесе кез келген басқа бұқаралық қызметтер сияқты 6 мың түрлі қызмет түрлерін төлеу мүмкіндігі іске қосылды. Нәтижесі - күніне 500-1000 жаңа тіркелім және бүгінгі күні порталдың 620 мың бірегей пайдаланушысы бар. Ұлттық компанияның 60 мың клиенті күнделікті порталды, ал 21 мың клиенті мобильдік қосымшаны пайдаланады.

Бүгінгі күні «Қазпошта» АҚ пошта жөнелтілімдерін беретін желісі 214 сәлемдеме супермаркетінен, 151 пошта бөлімшесінен, 200 тастаматтан тұрады. Сондай-ақ, 7 сандық офис және 1 робопост кеңсесі бар, олар жаңа буын офистері болып табылады. 2018 жылы цифрлық офистердің қызметтерін 22 400-ден астам адам пайдаланды. Жалпы алғанда, 2018 жылы әкімдіктермен бірлесе отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, ұлттық пошта операторы 763 мың 524 қазақстандықтың цифрлық сауаттылығын ашты.

Сондай-ақ, 2018 жылы «Қазпошта» АҚ ұшқышсыз ұшақтармен поштаның жеткізілімін 10 есе арттырды. Өткен жылы дрондар көмегімен 11 000 кг мерзімдік басылым тасымалданды. Баспа басылымдарын ауылдарға жеткізу кезінде дрондар 460 сағат ішінде 74 мың км ұшып өтті. Бұл жоба Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарындағы 150 елді мекенді қамтиды. 4 кг-ға дейін жүк көтере алатын 20 дрон іске қосылды.

Бондтық қоймаға қатысты кеден заңнамасына енгізілген өзгерістер таяу уақытта «Қорғас» ШЫХО ЭЭА аумағында кеден қоймасын іске қосу мүмкіндігін береді. Қойма арқылы Еуропалық Одақ пен Орталық Азияға транзитпен халықаралық пошта жөнелтілімдерін жіберу жоспарланып отыр. Бұл авиатасымалды 4-5 күнге дейін, ал ЕО елдеріне жол тасымалын 7-12 күнге дейін қысқартады.

Сондай-ақ, компания шағын және орта бизнес өкілдеріне электрондық коммерция негіздерін E-commerce орталықтарында оқытуды жалғастырады. 1500-ден астам кәсіпкерді оқыту жоспарланып отыр. Бұдан басқа, «Қазпошта» АҚ-ның фулфилмент-орталықтарында 57 қазақстандық интернет-дүкенге жан-жақты қызмет көрсетілуде. Оған қоса, Қазақстан бойынша және шетелге жөнелту үшін сақталатын тауарлардың көлемін арттыру мақсатымен тағы 80 онлайн-сауда алаңын тарту жоспарлануда.

«Кәсіпкерлердің естерінде 2019 жыл экспортты жеңілдету жылы ретінде сақталуы керек. Жақын арада Дүниежүзілік пошта одағының құжаттарын кедендік рәсімдеуде тауарларлық декларация ретінде қолдануға қатысты заңнамаға түзетулер күтілуде. Бұл заңды тұлғалар үшін тауарлардың жеңілдетілген экспорты қызметін енгізуге мүмкіндік береді. Яғни, экспортталған тауарларды тіркеу кезінде клиенттің бүкіл жұмысы пошта бөлімшесінде өтіп, бірнеше минутты ғана құрайды. Біз кеден органдарында экспортты тіркеу жұмыстарын жөнелтушілердің қатысуынсыз жүргіземіз», - деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.

Өзгелердің жаңалығы