"Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру" жобасы аясында 75 нысанның жұмыстары аяқталды

26 Ақпан 2020, 08:46
1946
Бөлісу:
"Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру" жобасы аясында 75 нысанның жұмыстары аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру" жобасы аясында 75 әлеуметтік маңызы бар нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бұл туралы ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында жарияланды.

Жоба Дүниежүзілік банк пен ҚР Үкіметі арасындағы грант туралы келісім аясында жүзеге асырылуда. 21,7 млн АҚШ доллар грант қаражатын Дүниежүзілік банктің әкімшілік етуімен Траст қоры арқылы Швейцарияның Даму және Ынтымақтастық агенттігі ұсынған.

Жобаның Атқарушы агенттігі "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ. Институттың басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартомен кездесті. Жиын барысында энергия үнемдеу саласындағы МЖӘ мәселелері және осы құралды дамытудың маңыздылығы талқыланды.

"Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ мамандарының деректері бойынша, энергиялық тиімді деңгейіне өту мүмкіндігіне мектептер, балабақшалар мен ауруханалар ие болды. Мемлекеттік мекемелерді таңдау конкурстық негізде жүргізілді.

Әлеуметтік нысандарда энергия үнемдейтін терезелер орнатылды, жылу және жарық жүйелері жаңғыртылды, шатыры жөнделді, қасбеттер жылытылды. Энергомониторинг қорытындысы бойынша бір нысандағы жылдық үнемдеудің орташа мөлшері жылу энергиясы бойынша 30%-ды және электр энергиясы бойынша 15%-ды құрайды. Сондай-ақ грант қаражаты есебінен елді мекендердегі жекелеген көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Бүгінгі күні энергия үнемдеу бағытында нәтижелерді растау мақсатында іске асырылған барлық жобалардың энергия тұтыну мониторингі жүзеге асырылуда. Мысалы: Қарағанды қаласында (№66 орта мектеп) кіші жоба бойынша жылу энергиясын 25%-ға және электр энергиясын 13%-ға үнемдеуге, Ақтау қаласында (№54 балабақша) кіші жоба бойынша жылу энергиясын 16%-ға және электр энергиясын 45%-ға үнемдеуге қол жеткізілді.

Өз кезегінде, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто жоғары энергия сыйымдылығы экономикалық бәсекеге қабілеттілік, қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта тұрғысынан ел үшін елеулі шығындарға алып келгенін атап өтті. Сондықтан Қазақстанда энергия үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Нәтижесінде, тараптар энергия үнемдеу саласында одан әрі ынтымақтастық пен жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу туралы уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы