"Қазақмыстың" 133 қызметкері коронавирус жұқтырған

22 Мамыр 2020, 14:36
2138
Бөлісу:
"Қазақмыстың" 133 қызметкері коронавирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы Қарағанды облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров онлайн брифинг барысында айтып берді.

Қарағанды облысында 29 наурыздан 21 мамырға дейін 455 коронавирус жұқтырған науқас тіркелген. Оның ішінде 3  науқас көз жұмды. 170 адам аурудан айығып, үйлеріне шығарылды. Облыстың 9 қаласы мен ауданында коронавирус инфекциясының санына тоқталсақ, Қарағандыда – 172, Теміртауда – 186, Шахтинскте – 10, Абайда – 5, Жезқазғанда- 4, Бұқар жырау ауданында – 26, Саран қаласында – 11, Сәтбаевта – 1, Шет ауданында 1 оқиға тіркелген. Эпидемиологиялық тексерулер барысында 10 045 адам байланыста болған, соның ішінде  2267-сі жақын қарым-қатынаста болғаны анықталды, - деді спикер.

Сонымен қатар, Қанат Асқаров Қарағанды облысының кейбір аймақтарындағы өндіріс орындары карантинге жабылғанын атап өтті. 
Бұлардың қатарында Бұқар жырау ауданындағы "Қазақмыс" ЖШС корпорациясын айтуға болады. 21 мамыр күнге байланысты бұл нысанда 133 қызметкер індет жұқтырған. Солардың ішінде Теміртау қаласынан – 54 адам, Қарағанды қаласынан – 65 адам, Бұқар жырау қаласынан 14 адам тіркелген.  Осы нысанда 1515 жұмысшы індет жұқтырғандармен байланыста болған, оның ішінде 245 адам жақын қарым-қатынаста болғаны анықталды. Қазіргі таңда әлі де тексеру жұмыстары жүргізілуде, - деді ол.
Бұқар жырау ауданының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен бұл нысан 1 маусымға дейін жабылып, барлық дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр.
Жұмысшылардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізілді. Олардың 13-17 мамыр аралығында Жезқазған қаласында болғаны анықталды. Олар отбасымен бірге бір жиынға қатысқан. Жұмысшымен байланыста болған 17 адам ауруханаға карантинге жатқызылған. Оның тоғызында коронавирустың кейбір белгілері анықталуда. Анализдер алынды. Жақын арада қорытындысы шығады, - деді департамент басшысы. 
Сонымен бірге, спикер коронавирус індетін жұқтырушылардың саны өткен тәулікпен салыстырғанда 7 пайызға өскенін еске салды.



Өзгелердің жаңалығы