"Қазақфильм" Голливуд талаптарына сай жаңғыртылады

26 Қаңтар 2020, 14:24
1940
Бөлісу:
"Қазақфильм" Голливуд талаптарына сай жаңғыртылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов киностудияның толықтай техникалық модернизациясы бойынша жұмыстар жүргізуде. 

Осыған орай киностудия әкімшілігі кеңесу үшін әлемнің үздік мамандарын тартуда.

Жақында ғана киностудияның модернизациясы жобасы аясында Арман Әсеновтың арнайы шақыруымен Голливуд продюсері А.Фрадис 5 күнге созылған жұмыс сапармен Алматыға келген болатын. 

Келіссөздер барысында "Қазақфильмнің" президенті шетелдік қонаққа киностудияның тыныс-тіршілігімен таныстырып, павильондар мен техникаларын көрсетіп, киностудияның жеткен жетістіктері, қиындықтар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Айта кетейік, А.Фрадистың модернизация мәселесі бойынша үлкен тәжірибиесі бар. Ол өзінің кинодағы мансабын Одесса киностудиясында бастаған. Кейін 1970 жылы АҚШ-қа көшіп, Голливудта американдық киножобалардың насихатталуына үлкен үлес қосқан. 

Голливудта қомақты қаржымен туындылар түсірілетіні жасырын емес. Басқа елдерде белгілі бір дәрежеде баламалы қызмет көрсететін студиялардың жоқтығынан олардың өндіріске жұмсалатын қаражаты да азаймайтыны белгілі. Сондықтан да "Қазақфильмде" жаппай жаңғырту жұмыстары жүргізілген жайғдайда отандық киностудияның қызметі шетелдік компаниялар арасында бағасы жағынан бәсекелес болып, үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз, - делінген хабарламада. 

Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті А.Әсенов және Aurora Films Entertainment Corporation компаниясының директоры А.Фрадис кездесу нәтижесінде "Қазақфильм" киностудиясының модернизациясы жобасы аясында бірлесіп жұмыс істеу туралы хаттамаға қол қойды. 

Ынтымақтастық аясында шетелдік қонақ "Қазақфильмнің" бүгінгі техникалық мүмкіндіктері бойынша сараптамалық қорытынды жасап, әлемдік стандарттарға сай киностудия модернизациясының толық жоспарын ұсынатын болады. Серіктестердің кезекті кездесуі осы жылдың тамыз айына жоспарланған (Лос-Анджелес қаласында).

Өзгелердің жаңалығы