«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында қарағандылық кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде

7 Маусым 2019, 09:35
2018
Бөлісу:
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында қарағандылық кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қолжетімді несие беру бойынша шаралар атқарылуда. Осы мақсатта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Халық Банкі» мен «Альфарух Logistic» кәсіпорындары өзара серіктестік жайлы меморандумға қол қойды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қарапайым заттардың импорттық үлесін қысқартып, «қарапайым заттар экономикасын» дамытып, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру тапсырмасына сай Қарағандыда алғашқы жоба іске асырылды. Жаңа мемлекеттік бағдарламаның облыс бойынша алғашқы қатысушысы «Альфарух Logistic» компаниясы. Қазіргі уақытта республикадағы ең ірі жобалалардың бірі болып саналатын сауда-логистикалық орталығын салып жатқан компания жеңілдетілген субсидия алмақ.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында кәсіпорындарға қолжетімді несие беріп, өнеркәсіп саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен 600 миллиард теңге бөлінді. Оның 200 миллиарды агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті және қайта өңдеуді несиелендіруге, қалған сомма өңдеуші өнеркәсіпке және кейбір қызмет түрлеріне бағытталады. Менің ойымша, бұл жоба облыс экономикасына, жалпы Қазақстанның экономикасына оң әсер етеді. Осындай кәсіпорындарды қаржыландыру арқылы сапасы бойынша импорттық тауарлардан кем түспейтін, алайда бағасы анағұрлым төменірек отандық өндіріс тауарларын тұтынуға мүмкіндік аламыз», - дейді Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ директоры Тимур Екеев.

Азық-түлік тауарларын сақтауға және тасымалдау шығындарын қысқарту есебінен олардың құнын төмендетуге мүмкіндік беретін ірі сауда-логистикалық орталық салып жатқан «Альфарух Logistic» компаниясы меморандум аясында «Халық банкінен» 15 пайыздық мөлшерлемемен 2 миллиард теңге көлемінде несие алмақ. Мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған несиенің 7 пайызын «Даму» қоры, қалған 8 пайызын кәсіпкердің өзі өтейтін болады.

«Халық тұтынатын тауарлар өндірісімен айналысатын салаларды жеңілдетілген несиемен қамту жобасы аясында біздің облыста іске асырылып отырған алғашқы жоба. Жобаны алғашқы болып «Халық банкі» қаржыландыратынына қуаныштымыз. Мемлекеттік бағдарлама аясындағы несиелендірлетін жоба 2 млрд теңгеден астам соммаға қаржыландырылмақ. «Халық банкі» кәсіпкерге 15 пайызбен несие береді. Оның 7 пайызын «Даму» қоры ай сайын төлеп тұрады. 8 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді», - дейді «Халық банкінің» Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Гүлнар Ратаева.

Өзгелердің жаңалығы