Бас жаңалықтар
 "Алтай" волейбол клубының әйелдер командасы жақсы жетістіктерге қол жеткізуде
17 Маусым 2019, 19:59 357

"Алтай" волейбол клубының әйелдер командасы жақсы жетістіктерге қол жеткізуде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Алтай» волейбол клубы үшін өткен маусым оңайға соқпады. Бұған біріншіден қарсыластардың күшеюі себеп болса, екіншіден қатысатын чемпионаттар санының көбейіп, қосымша жүктеменің артуы. Бұл жөнінде «Алтай» волейбол клубының директоры Досжан Уалханов айтып берді.

- Өткен маусымдағы жеңістеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- «Алтай» клубы үшін өткен маусым оңайға соқпады. Жыл өткен сайын біздің қарсыластарымыз күшейіп келе жатыр. Дегенмен, жанкүйерлер неше дүркін чемпион атанған «Алтай» әйелдер командасынан тек жеңіс күтетіні рас. Маусымның қиын болуының тағы бір себебі – осы жылы волейбол Федерациясының плей-офф ойындарын Талдықорған қаласында өткізуі. Өйткені талдықорғандық «Жетісу» командасы «Алтай» клубының басты қарсыласы. Чемпионатта жеңіске үміткерлердің бірі плей-оффтың барлық матчтарын «өз үйінде» ойнаса, қалған командалар «қонақта» ойнап бақ сынасты. Ойын нәтижесі бойынша «Алтай» әйелдер командасы бірінші орынға табан тіресе, «Жетісу» командасы екінші орынға жайғасты.

- Әлем және Азия чемпионаттары отандық клуб үшін қалай өтті?

- Өткен маусымда «Алтай-1» командасы әлемнің клубтық чемпионатына қатысқаны белгілі. Бұл дегеніміз қосымша тағы бес ойын, яғни ойыншылар үшін әдеттегіден артық жүктеме. Әлем чемпионатында біздің команда бесінші орынды иеленді. Әлемде бесінші болудың өзі үлкен мәртебе деп санаймын. Бұдан бөлек маусым барысында әйелдер командасы үшін Қытайдың Тяньзинь қаласында өткен Клубтық Азия Чемпионаты соңғы турнир болды. Онда біз төртінші орынды иелендік. Чемпионат та, ондағы матчтар да біз үшін ауыр болды. Ойыншылар түрлі жарақаттар алып, команданың шаршағаны сезілді. Оған қоса, ойыншылардың барлығы бірдей Азия чемпионатына қатыса алмады. Дегенмен Азияда төртінші болудың өзі жетістік деп ойлаймын. Жалпы, өткен маусымды қорытындылайтын болсам, біз әлемде бесінші, Азияда төртінші, Қазақстанда біріншіміз.

- «Алтай-2» командасы қазір қандай деңгейде?

- Осы жылы «Алтай-2» қыздар командасы еліміздің чемпионатындағы плей-офф аймағына кірді. Ойын барысында Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл сияқты атақты әрі тәжрибелі командаларды артқа қалдырды. Команда плей-оффқа кіргенде, олардың жеңіске жетуін күтіп едік, өкінішке орай, күткеніміз орындалмады. Жыл сайын біздің жас спортшыларымыз ойынның дейгейін көтеріп, оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

- Алдағы маусымға қандай жоспарыңыз бар? «Алтай 1» әйелдер командасы еліміздің төрт дүркін чемпионы және бұл команда үшін жоғары дәреже. Алдағы уақытта бесінші рет чемпион болуға үмітті. Команда орындауға тиісті бұдан да жоғары әрі қиын мақсаттар бар ма?

- Алдағы маусымда бізде үш ішкі қазақстандық турнир бар: Қазақстан Кубогі, Қазақстан Суперкубогі және Қазақстан чемпионаты. Осы жылдан бастап волейбол Федерациясы Қазақстан Суперкубогінің мәртебесін көтеріп оны клубтық Азия чемпионатына іріктейтін турнир етіп бекітті. Уақыт аз, маусым басталысымен бірден ойындарға кірісу қажет. Команда алдына қойылған міндеттердің бірі – Қазақстан Кубогі иегері титулын сақтап қалу. Келесі міндет – клубтық Азия чемпионатына жолдама алу үшін Қазақстанның Суперкубогінде жеңіске жету. Өткен жылы жеңіс «Жетісу» командасына бұйырып, біз 2-орынды иеленген болатынбыз.

- Екінші команда құрамында бұл маусымда өзгерістер орын ала ма?

- Екінші команда туралы айтар болсам, осы маусымда «Алтай-3» командасының кейбір ойыншыларын «Алтай-2» қыздар командасына ауыстырып, команда құрамын жасартамыз. Бізде «Алтай-3» жасөспірім қыздар командасымен Шуто Коичи есімді білікті бапкер жұмыс жасайды. Ол «Алтай 2» командасына көтеретін бірқатар ойыншыларды дайындап қойды. Жас спортшылардың әзірге тәжрибелері аз, сол үшін жаңа маусымдағы ересек командада олардың басты мақсаты барынша тәжрибе жинақтау. Бұл олардың әрі қарай даму үшін өте қажет. Біздің клубта кәсіби волейболшыларды даярлауда сатылы жүйе қолданылады. Яғни ойыншылар төменнен жоғарыға қарай көтерілуі тиіс. Осы маусымда «Алтай 2» командасы үшін басты міндет – өткен маусымдағыдай плей-офф аймағына кіру.

- «Алтай» волейбол клубы деп айтқанда, ерлер командасының бар екенін білмейтіндер кездесіп жатады. Ерлер командасы жайлы не айтасыз?

- Ерлер командасы екі дүркін Қазақстан Кубогі иегері, екі дүркін Қазақстан Суперкубогі иегері және екі дүркін Қазақстан чемпионы болып табылады. Клуб өткен маусымда команда құрамын жасарту туралы шешім қабылдаған болатын. Командаға өзіміздегі жастарды тарттық. Оларға өз күштерімен Суперлигада ойнап, тәжрибе жинауға мүмкіндік бердік. Иә, әзірге ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ, бірақ солай болатынын болжағанбыз. Нәтиже болмады деп, бастаған істі жарты жолда қалдырмаймыз. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырамыз. Алдағы уақытта еңбегіміз ақталып, жігіттер жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Сондықтан олар ҚР ұлттық лигасында, еліміздің чемпионатында ойнауды жалғастырады. Бізде үлкен спорттағы волейболға дайындап тәрбиелейтін өз спортшыларымыз болуы тиіс.

- Клубта қалатын ойыншылар бар, кететін ойыншылар бар. Кететін ойыншылардың тізімі анықталған десе де болады. Енді басқа жақтан тартатын қандай да бір көздеп отырған ойыншыларыңыз бар ма?

- Трансферлік саясатта көпке жария бола бермейтін құпиялар болады. Жалпы біздегі әйелдер командасында екі жылдай айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Тек легионерлер ауысқаны болмаса, бапкерді де ауыстырмадық. Бірақ осы маусымда клубқа қандай да бір реформалар қажет деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, «жаңарту» қажет. Шілде айының соңына қарай, кімдермен қош айтысқанымызды және кімдермен құрам толығатынын айтатын боламыз.

- Жалпы Қазақтандағы волейбол туралы сіздің пікіріңіз? Ұлттық чемпионат қандай деңгейде, Сіз не өзгерткіңіз келер еді? Еліміздегі волейболдың болашағы қандай?

- Қазақстандағы волейбол туралы жалпы ойым әрине жағымды позицияда. Еліміздегі спорт түрлерінің ішінде волейбол саласында белгілі бір қиындықтардың бар екені рас. Бірақ соған қарамастан, даму бар. Қараңызшы, қазір қаншама команда балалар лигасына қатысып жатыр. Бұл біздің болашағымыз. Көптеген командалар ресми турнирлер мен чемпионаттарға қатысып жатыр. Соның ішінде жас ерекшелігі бойынша біздің құрама командалар (U-17, U-19, U-23), бірінші құрама, екінші құрама – барлығы халықаралық турнирлер мен Азия чемпионаттарына қатысуда. Уақыт көшінен қалмай еліміз дамып келеді, елімізбен бірге волейбол да дамып келеді. Волейбол бұқаралық спорт түріне айналып, танымалдылығы артуда. Даму процесі бар, бұл қуанатын жайт. Қазақстандық волейбол Федерациясы мен жергілікті жерлердегі клубтардың жұмысы дұрыс бағытта қолға алынған деп ойлаймын. Клубтар арасында бәсекелестік бар. Болуы да заңды. Шет жақтан бақылаушы ретінде кей жерде білім жетіспей жатқандығын байқаймын. Бапкерлерге шет елдерге барып тәжрибе жинау және менеджмент, маркетинг мамандарының да көмегіне жүгіну қажет деп ойлаймын. Волейбол – өте әдемі спорт түрі және ол жақсы сатыла алады. Елімізде волейболдың даму жолында көп жұмыстар атқарылуда және осы салаға тікелей қатысы бар біздерді әлі талай игі істер күтіп тұр.

 


Фото: автордан

Сізден жаңалық