Бас жаңалықтар
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазына 25 млн теңге беріледі
30 Мамыр 2019, 12:47 579

«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазына 25 млн теңге беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің 36 үздік балуаны 8 маусымда «Қазақстан барысы» атағын алу үшін бәйгеге түседі. Бұл туралы Елорда Инфо жазды.

Осыған орай өткізілген баспасөз-конференциясына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, ORDA INVEST корпорациясының Басқарма төрағасы, Шалқарбек Талипов, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев қатысты.

Аталған шара ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету, оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізіледі.

Осымен 9-рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. 6 маусым сағат 19.00-де ресми салмақ өлшеу рәсімі өткізіледі.

«Қазақстан барысы» турнирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталады. Тартысты белдесулер 7 сағатқа созылады деп жоспарланды. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар концерттік бағдарлама мен керемет шоу өтеді деп күтілуде.

«Қазақстан барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске 100 000 теңге беріледі. Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады.

Билеттер қазірден бастап «Меломан» дүкендері желісі мен ticketon.kz, zakazbiletov.kz, kassir.kz сайттарында сатылуда. Бағасы 500 теңге мен 5000 теңгенің аралығында.

Турнирді «Нұр-Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыруда.

Турнир елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...