Бас жаңалықтар
Өскеменде латын әліпбиінің тиімділігін көрсететін семинар өтті
11 Шілде 2019, 17:56 160

Өскеменде латын әліпбиінің тиімділігін көрсететін семинар өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы ұйымдастыруымен 10-11 шілдеде «Латын әліпбиінің емле ережелерін игерту: теория және тәжірибе» атты республикалық семинар өткізді. 

Орталықтың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, іс-шараның мақсаты – жаңа емле ережелерін ересектерге меңгертудің ғылыми-практикалық ұстанымдарын, оқыту процесінде кездесетін қиындықтарды саралау және оларды шешудің тиімді әдістемелік жолдарын қарастыру.

Екі күндік семинарда арнайы әзірленген бағдарлама бойынша 18 баяндама оқылды.

IMG_20190710_103040.jpg

«Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов «Жаңа емле: міндеттер және атқарылған жұмыстармен» таныстырды. Ал Орталықтың ғалым хатшысы А. Фазылжан жаңа әліпби мен емлені меңгерту үшін қажетті фонология, грамматология, жазу теориясы, орфография, орфоэпия, графика т.б. тілтанымдық білімдер жүйесі туралы маңызды ғылыми-теориялық ақпараттармен бөлісті», - делінген хабарламада.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Т. Аяпова жаңа емлені оқытуда психолингвистикалық оқу және жазу дағдыларын қалыптастырып емле ережелерін сыни тұрғыдан, яғни өз ой елегінен өткізу арқылы меңгерту туралы және оқулық құрастырудағы әдістемелік негіздері жайында ақпарат берді. Орталықтың Әдістеме басқармасының басшысы А. Сейітбекова республикалық көлемде өткізіліп жатқан 72 сағаттық және 12 сағаттық курс туралы және оқытудағы артықшылықтар мен қиындықтар жайында ойымен бөлісті. Атап айтқанда, жазу-сызуда кездесетін каллиграфия мәселесін көтерді. Оқыту бойынша өткізілген сауалнаманың нәтижесі туралы ақпарат берді.

«Сондай-ақ, семинарда жарнама мәтіндері мен мекеме маңдайшаларын облыс, қала, аудан мысалдарында латын әліпбиінде әзірлеу бойынша Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, фил.ғыл.докторы Ж. Жақып, аталмыш мекеменің доценті, фил.ғыл.кандидаты Қ. Сәрекенова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, фил.ғыл.кандидаты М. Тұрсынова, С. Демирель университетінің доценті, фил.ғыл.кандидаты Н. Рсалиева баяндама оқыды», - деп хабарлады орталықта.

Профессор Ж. Жақып жарнама мәтіндерін әзірлеудің мақсаты мен міндеттерімен таныстыра отырып, бүгінгі жарнама мәтіндеріндегі стильдік, құрылымдық қателері бар ақпараттармен бөлісті. Баяндама барысында орфографиялық кеңістіктегі жарнаманың емлесі мен пунктуациясы бойынша атқарылатын жұмыстарымен таныстырды.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық