Қасиетті Қоңыр әулие үңгірінде күн панельдері орнатылды

30 Тамыз 2019, 13:10
5721
Бөлісу:
Қасиетті Қоңыр әулие үңгірінде күн панельдері орнатылды
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қозғалыс датчиктері бар жарықшамдардан құралған күн панельдері Қазақстандағы қасиетті үңгірде пайда болды. Бұл үңгір - жұмбағы шешілмеген ескерткіштердің бірі.

Заманауи технология қараңғы үңгірде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Баянауыл ұлттық паркінің аумағындағы үңгірде жарықтандыру құралдарын орнатуға С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары мұрындық болды.

свет1.jpg

Қоңыр әулие - «Қазақстанның қасиетті жерлер географиясы» жобасына енгізілген. Бұл үңгірге келген әйел белеуліктен емделіп, бала сүйе алады деген сенім бар. Сондықтан, туристердің қатарында ана атанғысы келетін нәзік жандылардың қарасы қалың.

Жоба авторларының бірі, энергетика факультеті деканының орынбасары, Phd докторы Александр Нефтисовтың айтуынша, басты мақсат - туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, бірегей табиғи ланшафтты сақтау.

свет2.jpg

«Бірегей үңгірдің іші сырғанақ әрі қараңғы. Сүрініп, жарақат алуға болады. Ал тынығушылар үңгірдің ішіне кіргісі келеді, себебі ішінде қасиетті су бар. Азаматтар көбінесе ұялы телефонның жарығын қосып, ішін көріп жатады. Ыңғайлы еткіміз келді, жобаны жүзеге асырғанымыз сондықтан», - дейді Александр Нефтисов.

Жобаны әзірлеуге екі ғалым атсалысқан. Энергетика факультетінің деканы Александр Кислов пен зертхана меңгерушісі Орал Нұрашев алдымен нысанды зерттеп, есеп-қисаппен айналысты. Зерттеушілер бұл іске екі апта жұмсаған.

свет3.jpg

«Бұл жер әрдайым жарық болуы керек. Жаз мезгілінде туристер көбінесе күндізгі сағат 11 мен 17.00 аралығында келеді. Датчиктер осы кезде ғана іске қосылып, жарықтандырылады. Шамдар күн панельдерінен қуаттанады», - дейді жоба авторлары.

Еске салсақ, Павлодар облысында республикалық маңыздағы жеті ескерткіш бар. Тағы 36 киелі мекен аймақтық картаға енгізілген. Ертіс өңірі қасиетті жерлерінің 80%-і Баянауыл ауданының аумағында орналасқан.

свет4.jpeg

Айта кетейік, қазіргі уақытта Баянауыл демалыс аумағында теристік кезең ресми түрде жабылды. Алдын ала есеп бойынша жаз маусымында өңірдің тұмса табиғатын тамашалауға 116 мыңнан астам адам келген. Қоңыр әулие үңгірі - тынығушылар ең көп келетін нысандардың қатарында.

Биылғы жылдың жаңалығы - Баянауыл өлкесіне ЮНЕСКО халықаралық ұйымының бір топ ғалымы келіп, қасиетті өлкенің ескерткіштерімен танысты. Шетелдік және отандық ғалымдар тобының сапары «Ұлы даланың мәдениеті мен тарихы» бағдарламасы шеңберінде ұйымастырылды.

свет5.jpg

«Көшпенділердің тарихы еуропалық ғалымдар үшін аса қызық. Бұл жер арқылы біздің заманымызға дейін өмір сүрген адамдардың тіршілігімен жақынырақ таныстық. Бұның барлығы бір Баянауыл өңірінде көрініс тапқан. Ескерткшітерді көріп тәнтіміз. Олардың халықаралық деңгейде сақтап, тыңғылықты зерттеу керек деген ойдамыз», - дейді бельгиялық антрополог Анна Мария Вильмено.

свет6.jpg

Айта кетейік, елімізде Қоңыр әулиемен аттас бірнеше үңгір бар, бірақ, толық зерттелмеген. Ал бұл тарихи ескерткіш отандық және халықаралық ғалымдардың назарына іліккелі қашан. Маңдағы Қола дәуіріне тиесілі көне қорымдар отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық үшін тың жаңалық әкелуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы