Бас жаңалықтар
Әділ Ахметов: Бір жарым жыл Ілиястың образымен өмір сүрдім
19 Мамыр 2020, 10:45 143

Әділ Ахметов: Бір жарым жыл Ілиястың образымен өмір сүрдім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Әділ Ахметов "Желмаяда" қонақта болып, сұхбат берді.

"Жастар" театрында "Дарын" сыйлығын ең алғаш болып алған актер сөзінің басын атаққұмарлық тақырыбынан бастады. 

Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай атаққұмарлыққа емес, еңбек етуге тәрбиеледі. Атақты ойламаған да екенбіз. Театрымызда "Дарынды" ең алғашқы болып мен алдым. Сонда өзіміз де таң қалдық, бізге біртүрлі жат көрінетін. Бәріміз бірге бастадық, әр нәрсені бір-бірімізбен бөлісіп үйреніп қалғанбыз. Қасымдағы әріптестерімнен ыңғайсызданатынмын. Бұл атақтардан менің актерлық шеберлігім артып немесе кеміп кеткен жоқ. Осы атақтар арқылы ата-анама, туған-туыстарыма қуаныш сыйладым деп ойлаймын. Ал менде қуаныштан гөрі қорқыныш пайда болды. Осы атаққа лайықтымын ба, оны алып жүре аламын ба деген жауапкершілік жүгі ауырлай түсті, - дейді ол. 

Отандық ірі деген кино картиналарда ("Анаға апарар жол", "Томирис", т.б.) басты рөлдерді сомдап жүрген актер мұны бағына балайды.

"Таудай талап бер, бармақтай бар бер", деген бар ғой. Бармақтай бағымыз шығар. Бір жағынан бұл ата-анамның, ата-бабамның тілеуі шығар, деп ойлаймын. "Томирис" жауапкершілігі жоғары фильм. Бір ғана тіл жағын айтар болсам, көне түркі тілін жаттап алып, эмоциямен сөйлеудің өзі қиын болды. Алғашында кедергі келтіргенімен, кейін төселіп кеттік. Тілден бөлек, түсірілім барысында шайқастар кезінде қыз-жігіттеріміз атпен шауып келе жатып, құлап жатты. Төбеден сайға қарай құлдилайтын әр дубльді түсірген соң, "түгелміз бе, ешкім құлаған жоқ па", деп артымызға қараймыз. Түсірілім барысында талып қалып жатқандар да болды. Өзіңіз ойлаңыз, күннің ыстығында аюдың, қасқырдың терісінен тігілген киім, зілдей сауыт-сайман асынғанбыз. Фильм түсіру барысында осындай қиындықтар болып жатты, - дейді Әділ.

Бұрын-соңды еш жерде ойнамаған, кәсіби актриса болмаса да "Томиристе" басты рөлді сомдаған Альмира Тұрсынның шеберлігіне, қарапайымдылығына тәнті болған Әділ Ахметов түсірілім барысында еш қиындық болмағанын айтады.

Альмираның табиғи таланты, бірден игеріп кететін алғырлығы бар екен. "Басты рөлдемін" деп шіренбей, кім қандай сын айтса, жылдам қабылдап түзеуге тырысатын кішіпейіл жан. Осыдан-ақ адамның актерлік шеберлігінен бөлек, адами мінезі өте маңызды екенін байқауға болады, - дейді ол. 

Актер сұхбат барысында тарихи рөлдерге қалай дайындалатынын айтып берді.

Мен әу бастан тарихты жақсы көремін. Тарихи кітап оқып, тарихи тұлғалардың өмірбаянын біліп жүргенді құп көремін. Сондықтан болуы керек, сол тұлғалардың образдары ішіңде жүремін. Рөл бекітілгеннен бастап, өзіңнің кейіпкеріңді ғана емес, соның айналасындағы өмірді тұтас зерттей бастайсың. Менің шығармашылық жолымда көп ізденісті, дайындықты талап еткен кейіпкер – "Анаға апарар жолдағы" Ілиястың образы. Бір жарым жыл осы образбен өмір сүрдім. Ерекше ықыласпен дайындалған рөлім осы болды. Түсірілім бітіп, фильмнің премьерасы бір жарым жылдан кейін шықты, осы уақыт аралығында мен ешбір фильм, сериалға түспедім. Көрерменнің көзіне қайта-қайта көрініп, жауыр болғым келмеді. "Томиристегі" Аргунда да солай болды, - дейді актер. 

"Басты арманым "Оскар" емес" деген актер оның себебін түсіндіріп берді.

Әрине, "Оскарды" алып жатсақ, құба-құп. Бірақ басты арман ол емес. Біз оқуға түскен жылдары "бұл салаға не үшін келдіңдер? Киноиндустрия біздің елде дамымаған ғой" деп ескерту жасаған ағаларымыз болды. Сонда мен "біз оқу бітіргенше Қазақстан дамиды, кинолар түсіріле бастайды, соларға түсеміз" дейтінмін. Ол жылдары бір киноға түссем, арманым жоқ, дейтін едік. Қазір, шүкір. Үлкен армандардың бірі орындалды десе болады, - деп ойымен бөлісті ол.

Әділ Ахметовтен үздік үш отандық фильм:

"Менің атым Қожа" қайталап көре беретін, жалықпайтын фильмдерімнің бірі. Одан кейін өмірлік қағидаларымның өзгеруіне себепкер болған "Рэкетир" фильмінің алғашқы бөлімі. Үшінші фильмге ұсынарым көп. "Шал", "Шырақшы", "Анаға апарар жол" туындылары Қазақстанның атынан ұялмай көрсетуге тұрарлық картиналар.

Сұхбат соңында Әділ Ахметов соңынан еріп келе жатқан жастарға тілегін жеткізді.

Актерлікке бай немесе атақты боламын, деп келмеу керек. Бірінші мәселе ол емес. Қазақ өнеріне өзіндік үлесімді қосамын, жаңалық алып келемін, деген оймен келу керек. Сонда жоғарыдағы екеу өзі-ақ келеді, - деп сөзін түйіндеді кино және театр актеры. 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...