Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ұлыбритания, Франция және Канада басшыларын ХАМАС ұйымын жанама түрде қолдады деп қатты сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ұлыбритания премьері сэр Кейр Стармерді, Франция президенті Эммануэль Макронды және Канада премьер-министрі Марк Карниді “қылмыскерлерді қолдайды” деп айыптады. Ол бұл мәлімдемені Вашингтондағы Израиль елшілігі қызметкерлеріне жасалған шабуылдан кейін жасады.
Нетаньяхудың айтуынша, бұл елдердің Израильдің Газадағы операцияларын “шектен тыс” деп сипаттауы және гуманитарлық ахуалды «төтенше қиын» деп атауы ХАМАС-тың мүддесіне жұмыс істейді.
Сіздерді ХАМАС секілді балаларды өлтіріп, адамдарды ұрлап, зорлық көрсететін топқа алғыс айтып жатса, сіздер адамзат пен әділдіктің қарсы жағында тұрсыздар, – деді ол.
Израильдің Ағарту министрі Амихай Чикли де батыс көшбасшыларын “террор күштеріне дем беріп отыр” деп айыптады.
Бұған жауап ретінде Ұлыбританияның қарулы күштер істері жөніндегі министрі Люк Поллард Израильдің өзін қорғау құқығын мойындай отырып, халықаралық гуманитарлық құқық шеңберінен шықпау керектігін ескертті.
Франция Сыртқы істер министрлігінің өкілі Кристоф Лемуан да Израильдің Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге толық мүмкіндік беруі тиіс екенін атап өтті.
BBC мәліметінше, Израиль 90-нан астам гуманитарлық көлікке Газадан өтуге рұқсат бергенімен, БҰҰ бұл көлемді “жеткіліксіз” деп бағалап отыр. Газадағы көмекке мұқтаж халық саны артып барады.
Соңғы деректерге сәйкес, ХАМАС басқаруындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі Израильдің наурыз айында қайта бастаған әуе шабуылдары салдарынан 3613 палестиналықтың қаза тапқанын хабарлады.
2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС жасаған шабуыл кезінде 1200 адам қаза тауып, 251 адам тұтқынға алынған болатын. Сол уақыттан бері 53 762 палестиналық көз жұмған, олардың ішінде 16 500-і – балалар.