Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Нетаньяху Палестина мемлекетінің құрылуына тағы да қарсы шықты

17 Қараша 2025, 01:29
499
Бөлісу:
 Kevin Dietsch / Getty Images
Фото: Kevin Dietsch / Getty Images

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Палестина мемлекетінің құрылуына түбегейлі қарсы екенін қайта мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Нетаньяху оңшыл министрлер Безалель Смотрич пен Итамар Бен-Гвирдің қысымына жауап берді. Олар АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарар жобасында Палестина мемлекеттілігіне «жол» деген тұжырым пайда болғаннан кейін премьер-министрден бұл идеяны нақты түрде жоққа шығаруды талап еткен еді. Бен-Гвир тіпті Нетаньяху ешқандай қадам жасамаса, коалициядан шығу қаупін төндірді.

Мен Палестина мемлекетіне кез келген жерде қарсы болу туралы ұстанымымды ешқашан өзгертпедім. Маған ешкімнің қолдауы, твиттері немесе дәрістері қажет емес, - деді Нетаньяху.

Премьер-министр қыркүйек айында Ақ үйге барған кезде Трамптың жоспарын қолдауға келісім бергенімен, содан бері Палестина мемлекеттілігі туралы оң пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, 22 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаның тәуелсіздігін танитынын жариялады. Оған дейін Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия да осындай шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Палестинаны БҰҰ-ға мүше 153 мемлекет және Ватикан ресми түрде мойындап отыр.

Ал Германия СІМ басшысы Йоханн Вадефул Берлин екі мемлекет негізіндегі келіссөздер аяқталмайынша Палестина тәуелсіздігін мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол Израиль мен Палестина арасындағы келіссөздерді «қазір бастау қажет» екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы