Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Нетаньяху Израиль президентінен кешірім беруді сұрады

1 Желтоқсан 2025, 04:27
514
Бөлісу:
 AP Photo / Julia Nikhinson
Фото: AP Photo / Julia Nikhinson

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху өзіне қатысты сыбайлас жемқорлық істері бойынша Израиль президенті Ицхак Герцогтан ресми кешірім беруін сұрады. Президент әкімшілігі өтініш «елеулі салдары бар» екенін айтып, шешім қабылдамас бұрын Әділет министрлігінің пікірін тыңдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Нетаньяху соңғы бес жылда пара алу, алаяқтық және сенімін асыра пайдалану бойынша үш істің фигуранты болып келеді. Ол барлық айыптарды жоққа шығарып, істі «саяси қарсыластарының қудалауы» деп атайды.

Бейне үндеуінде премьер-министр сот процесі ел ішіндегі бөлінуді күшейткенін айтып, іс тоқтатылса «ұлттық татуласуға жол ашылатынын» жеткізді.

Алайда оппозиция басшысы Яир Лапид кешірім тек кінәні мойындау, өкініш білдіру және Нетаньяхудың саясаттан кетуі жағдайында ғана мүмкін екенін айтты. Солшыл саясаткерлер де премьердің әрекетін «жеке мүддені мемлекеттен жоғары қою» деп сынға алды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль басшылығын Нетаньяхуға толық кешірім беруге шақырған еді.

Израиль заңдарына сәйкес, президент айыпталған немесе сотталған тұлғаларға рақымшылық жасау құқығына ие. Алайда бұл шешім қоғамда құқықтық жүйе тәуелсіздігіне қатысты қызу пікірталас тудырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы