Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ХАМАС қозғалысы толық қарусызданған жағдайда ғана Газа секторында жаңа үкімет құрылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Премьердің сөзінше, ХАМАС қолында қару бар кезде кез келген басқару құрылымы тиімді жұмыс істей алмайды.
Егер ХАМАС халықаралық күштердің көмегімен немесе басқа жолмен қарусыздандырылса, Газаның болашағын басқаша елестетуге болады, – деді ол.
Нетаньяху қарусыздану мәселесін ХАМАС-пен келіссөз жүргізу емес, түбегейлі қауіпсіздік талабы деп атады. Оның айтуынша, қозғалыс қатарында шамамен 20 мыңға жуық қарулы адам бар, ал олардың қолында ондаған мың автомат пен кең көлемді туннель инфрақұрылымы сақталған.
Израиль премьер-министрі ХАМАС-тың қарусызданудан бас тартуы қақтығыстың жалғасуына әкеліп отырғанын атап өтті және бұл жағдайдан ең алдымен Газа тұрғындары зардап шегіп отырғанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та ХАМАС-қа қарусыздану үшін шектеулі уақыт берілетінін мәлімдеген болатын.