Несие, жұмыссыздық, инфляция. Біз әлі де қарызға өмір сүріп келеміз – депутат

20 Маусым 2023, 17:47
1191
Бөлісу:
Несие, жұмыссыздық, инфляция. Біз әлі де қарызға өмір сүріп келеміз – депутат
Фото: BAQ.KZ Архив

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 21 проценттен асқанын айтты. Бейсенбаев атап өткендей, жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді.

Халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы, 2022 жылы тұтынушылық несие – 30%-ға, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни бұл – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яки бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз, - деп айтты депутат.

Елнұр Бейсенбаев жұмыссыздық мәселесін де ерекше атап өтті. Бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда 5% шамасында сақталып отыр. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз.

Жұмыссыздықпен күресу үшін бюджеттен жылына кемі 100 миллиард теңге бөлінеді. Қаржы игеріледі, бірақ нәтиже жоқ. Сондай-ақ республикалық бюджеттің тек 49 проценті ғана нақты табыспен, тұрақты қаражатпен қамтамасыз етілген. Қалғаны қарыз бен Ұлттық қордың қаражаты. Бүгінде Ұлттық қордың активтері 56 миллиард АҚШ долларынан асса, ал мемлекеттің қарызы 54 миллиардтан асады. Бұл сомаға квазимемлекеттік сектордың тағы 42 миллиард доллар қарызын да қосуға болады, - дейді мәжілісмен.

Оның айтуына қарағанда, Үкіметтің қарызын өтеу мен оның қызметіне жыл сайын шамамен 7 млрд АҚШ долларын жұмсаймыз.

Біз әлі де қарызға өмір сүріп келеміз. Баланс теріс. Біле білсеңіздер, келер жылдан бастап Ұлттық қордан балалардың есепшоттарына нақты инвестициялық табыс жинақталады. Яғни қор мүмкіндіктерін қазіргідей пайдалана алмаймыз, - деп атап өтті депутат Бейсенбаев бірлескен отырыста.

Өзгелердің жаңалығы