Непал үкіметін алғаш рет әйел адам басқарды. Жоғарғы соттың бұрынғы төрайымы, 73 жастағы Сушила Карки арнайы рәсімде уақытша премьер-министр ретінде ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Himalayan Times-тың мәліметіне сүйенсек, салтанатты шара Шитал Нивас резиденциясында өтті.
Президент Рам Чандра Падел сондай-ақ Жоғарғы соттың төрағасын, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерді, қауіпсіздік қызметі басшыларын және дипломатиялық корпус өкілдерін антқа келтірді.
Каркидің тағайындалуы – ел Конституциясын сақтау мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған президенттің конституциялық өкілеттіктерінің нәтижесі. Премьер-министрдің ұсынымымен мемлекет басшысы уақытша үкіметке алты ай ішінде жаңа парламент сайлауын ұйымдастыруды тапсырды.
Бұл шешім жуырда болған Z буынының жаппай наразылығынан кейін қабылданды. Олар Өкілдер палатасын таратып, партиясыз әкімшілік құруды талап еткен болатын. Министрлер кабинетін үш адамнан құру ұсынылса да, кандидатуралар бойынша келісімге келе алмады. Соның нәтижесінде премьер-министр Карки уақытша барлық бағытты өзі қадағалайды.
Қыркүйек айында Непал билігі Facebook, X және YouTube желілеріне шектеу қойғаннан кейін елде толқулар басталды. 8 қыркүйекте тәртіпсіздіктерді тарату кезінде полиция оқ атып, алғашында 14 адамның қаза тапқаны және ондаған адамның жараланғаны айтылды. Кейіннен бұл көрсеткіш 19 адамға жетіп, жараланғандар саны 100-ден асты. 9 қыркүйекте әлеуметтік желілерге қойылған тыйым алынды.
Билік қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеп, зардап шеккендерге тегін медициналық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сол күні премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли толқуларға байланысты отставкаға кетті.