Су ресурстары және ирригация министрлігі Германияның жетекші ұйымдарымен ынтымақтастық жөнінде келісім жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін Германияның су серіктестігімен (GWP) және «INNARI инновациялық табиғи суару» компаниясымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Құжаттарға қол қою рәсіміне Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз қатысты.
Меморандумдар су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және суды қайта пайдалануға жәрдемдесу, инновациялар мен технологиялар, су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес, су ресурстарын есепке алу мен мониторинг жұмысын цифрландыру және тағы да басқа бағыттар бойынша тәжірибе алмасу арқылы ынтымақтастықты көздейді.
Бұдан бөлек, GWP-мен ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және су ресурстарын басқару бойынша білікті мамандарды даярлау қарастырылған. Ал, INNARI компаниясы Қазақстанда жерасты тамшылатып суару құбырларын жасау және елімізде суару бойынша құзыреттілік орталығын құру мүмкіндігін қарастыруда.
Сонымен қатар, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Германияның экологиялық мәселелер жөніндегі тәуелсіз институтымен (UfU) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Аталған келісімдерге екі елдің су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жобалары талқыланған «Су – тұрақты даму үшін» атты дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қол қойылды.
Іс-шара Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегацияның Германияға сапары аясында өтті.
Бүгінгі таңда біздің министрлік еліміздің су шаруашылығы саласын үш негізгі бағыт бойынша ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл жаңа нормативтік-құқықтық базаны құру, инфрақұрылымды толыққанды жаңғырту және Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты қоса алғанда, шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық сулар бойынша ынтымақтастықты күшейту. Біз неміс серіктестерімізбен аталған бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Сондай – ақ, бізді су тұтынуды реттеу және су ресурстарын басқару саласындағы неміс тәжірибесі қызықтырады, - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.