Жаяу жүру өмірді ұзартатыны бұрыннан белгілі. Оның үстіне бұл үшін күніне 20-30 минут бөлу жеткілікті. Ең бастысы мұны жүйелі түрде жасап отыру керек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаяу жүрудің қандай пайдасы бар және күнделікті жүруге қалай үйрену керек?
Жаяу жүру - адамның физикалық және психологиялық жағдайына оң әсер ететін жаттығулардың ең қарапайым және қолжетімді түрі. Денсаулықты нығайту үшін аптасына 150 минут жаяу жүру ұсынылады.
Мысалы, егер сіз жалпы тонусты сақтағыңыз келсе, күніне 5000-7000 қадам немесе 20-30 минут жүру ұсынылады. Салмақтан арылғыңыз келсе күніне кемінде 10 000 қадам жүру ұсынылады, бұл орташа есеппен 6-8 км немесе бір сағат жаяу жүру дегенді білдіреді.
Таза ауада серуендеудің пайдасы
Жүрек-тамыр жүйесінің жұмысын жақсартады.
Бұлшық етті нығайтады.
Калориял жағып, салмақ астауға көмектеседі.
Метаболизмді жылдамдатады.
Тіпті көңіл-күйіңізге оң әсер етеді.
Стрессті азайтады.
Қатерлі ісік ауруына шалдығуды төмендетеді.
Инсульттан зардап шеккендерге өте пайдалы.
Ұйқыңыз қашып жүрсе, оған да көмектеседі.
Энергияны арттырады.
Жүрекке қатты жүктеме түсірмейтін жаттығулар түрлерінің ішінде дәрігерлер жаяу жүру, жүгіру, би, йога, велосипед тебу және жүзуді атап өтеді.
Оның үстіне жаяу жүру қаражатты қажет етпейді. Жаяу серуендеуге алдын ала жазылу, арнайы киім немесе құрал-жабдық қажет емес, кез келген уақытта және кез келген жерде таза ауамен тыныстап жүруге болады.
Тек скандинавиялық серуендеумен айналысқыңыз келсе, шамамен 3000 теңге тұратын сырықтар қажет болады.
Жаяу жүруді күнделікті әдетке оңай айналдыруға болады. Жақын жерге көлікпен, автобуспен емес, жаяу барыңыз.
Жаяу жүру тіпті белсенді жаттығуды алмастыра алады. Жаяу көп жүрсеңіз денеңіз де сымбатты болады. Жаяу жүру де алаңдаушылық деңгейін төмендетуге көмектеседі. Жаяу жүргенде бақыт гармоны серотонин мен эндорфин бөлінеді.
Өзіңізді күн сайын жаяу жүруге қалай үйрету керек
Серуендеуге ыңғайлы жерлерді қарастырып, өзіңізге түртіп алыңыз. Орманда, судың бойында, саябақтарда немесе қоғамдық бақтарда серуендеу денсаулыққа өте жақсы, стрессті азайтуға және табиғи орта туралы көбірек білуге көмектеседі.
Өзіңізбен бірге серуендейтін серіктесіңіз болса тіптен тамаша. Егер сіз жұмысқа байланысты достарыңызбен немесе отбасыңызбен аз уақыт өткізе бастасаңыз, серуендеу сөйлесуге және бірге уақыт өткізуге тамаша себеп болады.
Жаяу жүру уақыты мен кестесін белгілеңіз. 15-20 минут сияқты аз уақыттан бастаңыз және оны біртіндеп арттырыңыз. Бұл жұмыс алдында таңертеңгі серуен немесе кешкі серуен болуы мүмкін. Екі мезгілде де жүріп келсеңіз, денсаулыққа пайдасы мол.
Ауа райына сәйкес киім мен жаяу жүргенге ыңғайлы болатын аяқ киім киіп алыңыз. Ұзақ жүру үшін ыңғайлы киім немесе кем дегенде аяқ киім болуы маңызды.
Сондай-ақ, құбылмалы ауа райында қалпақ, күннен қорғайтын көзілдірік және күрте ала шығуды ұмытпаңыз.
Өзіңіз ұнатып тыңдайтын әуен, музыканы жинақтап алыңыз немесе аудиокітапты таңдаңыз.
Белсенді жаттығулар әлдеқайда тиімді деген пікір бар. Дегенмен, ғалымдар тұрақты серуендеу нәтижелері бірдей дерлік екенін атап өтті. Сонымен қатар жаяу жүру адамның жасы мен салмағына қарамастан барлығына ыңғайлы.
Жаяу жүретін адамдар әлемді көбірек зерттейтінін және өзін әлдеқайда бақытты сезінетінін есте сақтаңыз.